Оралда оқушылар мінген автобус аяқ астынан тұтанып, өртеніп кеткен
ОРАЛ. 13 маусым. Батыс Қазақстан облысының орталығы – Орал қаласында оқушы балаларды алып бара жатқан автобус кенет отқа оранып, жанып кеткен. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Батыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі оқыс оқиғаның 13 маусым күні Оралдағы Г. Бельгер көшесінде орын алғанын атап көрсетеді.
«Сағат 12.40-та Г. Бельгер көшесіндегі 114-үйдің тұсында «ПАЗ» жеке автобусы отқа оранды. Тілсіз жау сағат 13.09-да оқшауландырылып, 13.14-те ауыздықталды. Адамдар аман. Оқиға орнында 6 адам, 1 техника жұмыс істеді. Қазіргі кезде өрттің шығу себебі мен келтірілген шығыны анықталу үстінде», – делінген хабарламада.
Куәгерлердің айтуларына қарағанда, автобус бір топ оқушы баланы алып келе жатқан. Машина отқа орана бастағанда, салонда отырғандардың барлығы сыртқа шығып үлгерген.
Әлеуметтік желіде өртеніп жатқан автобустың видеосы жарияланды.
Желі қолданушылар көлікте мектеп лагеріндегі оқушылар болғанын және олардың кинотеатрдан қайтып келе жатқанын баяндайды.