Жауапты тұлғалар әрекеттеріне қылмыстық іс аясында баға беру тапсырылды
СЕМЕЙ. 11 маусым. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратураға Абай облысындағы орман өртіне қатысты жауапты лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттеріне қылмыстық іс шеңберінде баға беруді тапсырды. Бұл туралы ҚазТАГ деректеріне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Біріншіден, барлық қажетті тапсырмалар берілгеніне қарамастан, өткен жылғы ірі өрт оқиғаларынан тиісті сабақ алынған жоқ. Қауіп-қатердің жеткілікті бағаланбағаны түсінікті болып отыр. Болжам оңды болмады. Осыдан келіп, қатерге қарсы реакция дұрыс әрі уақытында болмады. Демек, тиісті алгоритмдер жұмыс істемейді. Бұл – бірінші кезекте Төтенше жағдайлар министрлігінің олқылығы», – деді Президент жексенбі күні өткен кеңесте.
Мемлекет басшысы Қауіпсіздік кеңесі бекіткен алгоритм жұмыс істеуге тиіс екенін атап өтті.
«Өрт орын алды ма, дереу оны өшіруге кірісу керек. Бірақ қолдарында техника да, жабдық та – жалпы ештеңе жоқ орманшыларды онда лақтыра салмау керек. Алдыға кем дегенде, өртті залалсыздандыру міндеті қойылуы тиіс. Бәрі бірігіп жұмыс істеулері керек. Бұл – бүкілхалықтық апат. Роман Васильевич Скляр, бәрінің жай-жапсарын анықтап алып, осы мәселелерді бақылауға алыңыз», – деді Президент.
Кеңесте Тоқаев Қостанайда өткен жылы орын алған өрттің себебін талқылау жайын еске түсіріп өтті.
«Неге содан сабақ алмадыңыздар? Өрт – жиі болып тұратын құбылыс. Күллі әлемде өртпен күрес жүріп жатыр, онымен күресе білу керек, әсіресе, орман өрттеріне абай болу керек. Жалпы, біз ормандарымызға өте нашар қараймыз. Олар және өте аз – жасыл желекті алқаптардың 4 пайызын ғана құрайды. Бас прокуратураға өкілетті органдар мен лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттеріне қылмыстық істер шеңберінде принципті баға беруді тапсырамын», – деп мәлімдеді Мемлекет басшысы өз сөзінде.
«Екіншіден, орманды алқаптар мен далалық жерлердегі өрттердің басталған шағын анықтау мен қатердің алдын алудағы жұмыс әлі қалыптаспаған. Мұны жөнге келтіру үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігі және өңірлер әкімдері мүдделі мемлекеттік органдармен бірқатар жұмыстарды бірлесе атқаруы тиіс», – деді сосын Президент.
Ол бұлардың қатарында өрттің тұтану ошақтарының енді қоздай бастаған тұсын ерте анықтайтын цифрлық жүйеге көшу, өрттерді видеоюбақылау және мониторинг жүйелерін ендіру, мұндай жүйелерді ендіргенге дейін орман қорларын авиациялық және жерден қадағалау жұмыстары көлемін бірнеше есеге арттыру, сондай-ақ үлкен өрт қауіптілігі кездерінде ұшқышсыз ұшақтарды пайдалану, табиғатты қорғау және орман мекемелерін норма талап ететін деңгейге дейін өрт-техникалық жабдықтарымен жарақтандыру сияқты шараларды атап өтті.
«Үшіншіден, Қостанайдағы өткен жылғы өрт оқиғалары кезеңінде мен әрбір азаматтық қорғаныс органдарының, жергілікті атқарушы билік органдарының төтенше жағдайларға нақты дайындығы деңгейлерін тексеріп шығуды тапсырған едім», – деді Тоқаев.
«Қазір біздің қолымызда не бар? Төменгі дәрежедегі дайындық. Материалдық-техникалық жабдықтау – 69%, функционалдық инфрақұрылым бойынша дайындық – 63%. Тұтастай алғанда, орталық және жергілікті атқару органдары мен төтенше жағдайлар жүйесінің жалпы дайындығы – 70% (МЧС – 75,1%, МЭПР – 59,5%, МИО – 70,2%). Үкімет төтенше жағдайларға сақадай сай болуды тиісті деңгейге дейін көтеруі қажет», – деді Президент.
Тоқаев бұдан бөлек. «әлемнің бірде-бір мемлекеті көп санды кәсіби өрт сөндірушілерді ұстап тұра алмайтынын» айтты.
«Мұның орнына мұндайға ерікті жасақтарды тарту кең етек алған, оларды оқытып үйретеді, жабдықтармен, киім-кешектермен және қамсыздандыру меселімен қамтамасыз етеді. Бізде де қазір осындай заңнама қарастырылып жатыр. Біз осы ресурсты белсене пайдалануымыз керек», – деді Тоқаев.
Еске сала кетейік, 9 маусым күні таңертең Абай облысында басталған өрттің көлемі 30 мың гектарға жеткен, алайда кешке қарай ол 60 мың гектардан асып кеткен. Өртпен күрес кезінде 14 орманшы қаза тапты.
Президент 12 маусымды Аза күні деп жариялап отыр.