Тоқаев Абай облысында қаза тапқан орманшылар отбасыларымен кездесті
СЕМЕЙ. 11 маусым. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысында өрт кезінде қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің туыстарымен кездесті. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметінің деректеріне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Мемлекет басшысы Абай облысы жеріне келгеннкен кейін алдымен өрт шарпыған орман алқабын тікұшақпен жоғарыдан қарап шықты.
Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков пен Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Президенкте өрт сөндіру жұмысының барысы және табиғат апаты салдарымен күрес жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы баяндап берді. Олардың айтуларынша, қазіргі таңда 60 мың гектарға жуық орман алқабы өртке оранған, өрт сөндіруге 300-ге жуық техника, 1500-ге жуық адам және 11 тікұшақ жұмылдырылған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұдан кейін «Семей орманы» табиғи резерватында орын алған кең ауқымды өртті сөндіру кезінде қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің жақындарымен және туған-туыстарымен кездесіп, көңіл айтты.
«Сіздерге көңіл айту үшін арнайы келіп отырмын. Бұл – бүкіл халқымыз үшін үлкен қасірет. Еліміздің қайғысы. Қазіргідей ауыр сәтте бекем болыңыздар. Мен мұның орны толмас қайғы екенін түсінемін, – деді Мемлекет басшысы. – Сіздерге жан-жақты көмек көрсету жөнінде Үкіметке тапсырма бердім. Үкіметке немесе маған жеке өтініштеріңіз болса, айтыңыздар. Барлық өтініштеріңізді орындаймыз. Қаза тапқан азаматтар қайтып келмейді. Бірақ өмір жалғасады. Осы қайғылы жағдайға кінәлілердің бәрі заң бойынша жауапқа тартылады».
«Мен сіздерге көңіл айту үшін арнайы келдім. Екіншіден, жан-жақты көмек көрсетілетінін айтуға келдім. Қаржылай да, басқа да көмек көрсетіледі. Балалар балабақшаға, ЖОО-ға орналастырылады – бәрі орындалады. Мен, әрине, сіздермен біргемін. Сіздер – еліміздің азаматысыздар, – деді тағы Тоқаев өз сөзінде. – Мен сіздер үшін жауаптымын. Мен Мемлекет басшысы ретінде болған жағдай үшін кешірім сұраймын. Өте ауыр жағдай екенін түсінемін. Асыраушыларыңызды, отағасын, ең жақын туыстарыңызды жоғалттыңыздар. Әрқайсыларыңыздың несиелеріңіз бар. Өкінішке қарай, өмірде мұндай қайғылы жайттар болады. Мұны ақтайтын ешқандай себеп жоқ. Тағы да айтамын: сіздерге моральдық және материалдық көмектер көрсетіледі».
Президент сөз арасында ертең, дүйсенбі күнін еліміз бойынша Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланып отырғанын айтып өтті.
«Біз қаза тапқан азаматтарды еске аламыз. Сабыр сақтап, бекем болыңыздар. Құқық қорғау органдары мен министрліктер тарапынан болсын, барлық сала бойынша тиісті шаралар қабылданады. Қазір кеңес өткіземін. Бұл жағдайдан міндетті түрде тиісті қорытынды шығарамыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан кейін Мемлекет басшылары қайғы жұтып отырған отбасы мүшелерінің сөздерін тыңдады. Олар аудандағы жолдардың нашарлығын, соның салдарынан өрт болып жатқан ормандарға өрт сөндіруші машиналардың жетулері оңай болмағанын, орманшыларды үйлеріне өртпен күресуге лайықты киімдер кигізбестен, алып кеткендерін, ал жолдарды Президент келетін болғасын апыл-ғұпыл жөндеп шыққандарын айтты. Мемлекет басшысы бұған: «Мен мұның бәрін білемін. Әлеуметтік желіден оқыдым. Мұндайға жол беруге болмайды. Бұл – қылмыстық жауапсыздық», – деп жауап берді.
Еске сала кетейік, 9 маусым күні таңертең өрттің көлемі 30 гектарға жеткен, алайда кешке қарай ол 60 гектардан асып кеткен.
Айтылғандай, орманшылықтың 14 қызметкерімен байланыс үзіліп қалған.
Сол күні кешке Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинге оқиға орнына ұшып баруды тапсырды. Осы кезде 3 орманшының қаза тауып, 11 орманшының хабар-ошарсыз кеткендері белгілі болды.
Ақпар мәнбесінің жеткізуінше, өртті сөндіретін техникалар саны жеткіліксіз болған, өртті сөндіру кеш қолға алынған, өрттің тарау аумағы жөнінде қате болжам берілген. Сол сияқты 10 маусым күні түнде оттың Шульба ГЭС-іне қарай жақындап бара жатқаны жөнінде хабар келді. Абай ауданында аса ірі гидро-электр станциясын өрт шалуы үлкен апат болатын еді.
Сол күні тек үш учаскеде ғана өрт болып жатқаны, қалғандары сөндірілгені анықталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл өткізідген кеңес барысында Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін сөгіс жариялады.
«Қателік көп. Шұғыл әрекеттің жетіспеуі, мәселеден сырт қалуыңыз осы апатқа әкелді. Өзіңіз де оқиға орнына кеш жеткеніңізді маған баяндадыңыз. Сондықтан жергілікті атқарушы органның жұмысына көңілім толмайды. Түсінемін, облыс енді құрылды, сіз – жаңа әкімсіз. Осы себепті ғана сізге сөгіс жариялаймын. Негізі мұндай қателік үшін бірден қызметтен босату керек. Он төрт адамнан айырылып қалдық. Бұл не сізге, ойыншық па? Олар қызметтік борышын атқара жүріп қаза тапты. Қазір сіздің міндетіңіз – Үкіметпен бірге менің азаматтарға берген барлық уәдемнің орындалуын қадағалау. Сөз бен іс қабысу керек. Иә, мен көңіл айттым. Бірақ адамдарға нақты көмек көрсетілуге тиіс», – деді Мемлекет басшысы.