Сырым Шәріпханов Төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалды
АСТАНА. 10 маусым. Мемлекет басшысының Жарлығымен Сырым Шәріпханов Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі лауазымына тағайындалды. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметінің дерегіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Сырым Дүйсенғазыұлы Шәріпханов 1967 жылы 1 мамырда Алматы қаласында туған.
1991 жылы Қазан қаласындағы М.Чистяков атындағы зымыран әскерлерінің жоғары әскери командалық-инженерлік училищесін бітірді. Техника ғылымдарының докторы. Полиция генерал-лейтенант атағын Президенттің 2023 жылғы 5 мамырдағы Жарлығымен алды.
Сырым Шәріпханов бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының бастығы болған.
Ол еңбек жолында азаматтық қорғаныс жүйесінде қызмет етіп, басшылық лауазымдар атқарды. Соның ішінде 1997 жылғы маусымнан 1999 жылғы ақпанға дейін Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар басқармасының дайындық және оқыту орталығының бастығы, 2008 жылғы қыркүйектен 2010 жылғы ақпанға дейін Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, 2014 жылғы қазаннан 2020 жылғы қарашаға дейін Ішкі істер министрлігінің төтенше жағдайлар комитетіне қарасты Көкшетау техникалық институтының бастығы қызметтерінде болды. Ал 2021 жылдың 3 қыркүйегінен бүгінге дейін Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясын басқарып келді.
Еске сала кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Юрий Ильинді Төтенше жағдайлар министрі лауазымынан босатқан болатын.