Президент Абай облысындағы өрт салдарынан Вьетнамға сапарын тоқтатты
АСТАНА. 10 маусым. Екі күннен бері Абай облысының ормандарын шалып жатқан өршулі өртке байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам еліне ресми сапарын кейінге қалдырды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Аталмыш сапар 11-13 маусым күндеріне белгіленген болатын.
Ақорданың Telegram каналы мұның жайын ашып жазды.
Енді Президент шұғыл кеңес өткізу және апаттан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету шараларын қабылдау үшін Абай облысына барып қайтпақшы болып отыр.
Еске сала кетейік, бұдан алдын Семей қаласында жергілікті ауқымда табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланған болатын.
«Семей» орманы резерватындағы өрт 8 маусым күні тұтанды. «Өрт найзағайдың 2 рет соғуынан шыққан. Өртті тез арада ауыздықтау мүмкін болмады, оған себеп «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты техникасы биік құм төбелері орналасқан аймаққа жете алмады», – деді Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков.
Кейінірек Семей орманындағы өртті сөндіруге жұмылдырылған 3 маманның қаза тапқаны белгілі болды. Тағы 14 орманшы із-түзсіз жоғалып кетті.
Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинге Абай облысындағы оқиға орнына жедел барып, өрт сөндіру жұмыстарын басқару міндетін жүктеген еді. Ал бүгін Президент өз жарлығымен министрді қызметінен алып тастады.
Абай облысындағы өртке байланысты жедел желі ашылды.