Пентагон Украинаға тағы екі миллиард доллардың қаруын жөнелтеді
ВАШИНГТОН. 9 маусым. Пентагон жұма күні кешке Украина үшін жалпы сомасы екі миллиард доллардан асатын қару-жарақтар пакетін дайындап қойғанын жария етті. Бұл туралы Bloomberg ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Хабарланғандай, Украинаның қауіпсіздігіне ықпал ету жөніндегі бастама шеңберінде бөлінген қаржылар Hawk ракеталары мен жаңғыртылған Patriot зенит-ракета кешендерін, сондай-ақ оларға қажетті снарядтарды сатып алуға жұмсалған.
Ақ үй бұл жолғы көмектің белгіленген кестеден бұрын берілгелі отырғанына назар аударды.
Басылым мәлімдеменің Украина көптен күткен үлкен қарсы шабуылға шыққан кезде жасалып отырғанын атап өтті.
Ал РФ армиясы Украинаның бейбіт қалаларын күндіз-түні тоқтаусыз атқылауды әлі жалғастырып келеді. Сондықтан 9 маусымға қараған түні Украинаның барлық облыстарында әуе дабылы жарияланды. Жаудың шабуылы түннің жарымында Чернигов және Полтава облыстарынан басталды.
Кеше сондай-ақ АҚШ Конгресінің республикалық және демократиялық партиялар өкілдерінен құралған сенаторлар тобы Ресейдің заңсыз активтерін түгелдей Украинаны қолдауға жіберу жөніндегі заң жобасын талқылауға енгізді.
АҚШ әділет министрі тек Ресеймен байланысты жекелеген санкциялар бойынша тәркіленіп алынған активтерді ғана Украинаға бере алады. АҚШ-тың бас прокуроры Меррик Гарленд 2023 жылдың ақпанында ресейлік олигарх Константин Малофеевтен тәркіленіп алынған 5,4 миллион долларлық қаржыны Украинаға жіберуге бірінші рет санкция беріп қойды.