«Олар неге орысша сөйлейді?» Латыштар хоккейшінің туыстарына тап берді
РИГА. 2 маусым. Жақында аяқталған әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған Латвия құрамасының қақпашысы Артур Шиловтың орысша сөйлеп тұрған туыстарына латыш жігіттері тарпа бас салды. Бұл туралы BB.LV дерегіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Жергілікті ұлтшылдар латыш жерінде орыс сөзінің естілгеніне өре тұрып, қарсылық білдірді.
Хоккейшінің жақындары ЛТВ телеарнасына берген сұхбаттарында орысша сөйлеген екен.
«Біздің бәріміз Латвияда латышша сөйлейміз», – деді ұлтшылдар тіл мәселесін көтере отырып.
Латыш белсенділерінің ашу-ызасын «Латвияны орыссыздандыру» («Деруссификация Латвии») қозғалысының көрнекті идеологтарының бірі Марцис Кулис жұртқа жеткізді.
«Тіпті хоккейші Артурас Шиловтың Вентспилсте тұратын әжесі мен атасы мемлекеттік тілде жай ғана да тілдесе алмайды. Айтыңыздаршы, мұндай нәрсе мүмкін бе өзі? Өмір бойы Латвияда тұрып келе жатқан олар неге латыш тілін керек қылмайды? Орыстар, сіздерге не болған, тіпті қытайдың алфавиті секілді болып тұрса да, 30 жылда Латвияның мемлекеттік тілін барынша қарапайым деңгейде үйреніп шығуға болатын еді ғой. Сіздерге ұят емес пе? Ал мен сіздердің орындарыңызда болсам, ұялған болар едім», – деп жазды ол Twitter-дегі өз микроблогында.
Айта кетуіміз керек, Кулистің жазбасына берілген пікірлер бірнешеге жарылды. Біреулер бұған туыстарының орысша сөйлейтіндеріне хоккейшінің кінәсі жоқ деді, екінші біреулер аталмыш сұхбат олардың латышша мүлде білмейтінін білдірмейді деді, ал үшінші біреулер Латвия құрамасын ұятқа қалдыратын мұндай сұхбатты беріп қажеті жоқ еді дегенді айтты.
Бұған дейін айтылғандай, Артур Шилов Латвия құрамасы сапында әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды, ол чемпионаттың ең бағалы ойыншысы болып танылды, сондай-ақ ең үздік қақпашыға берілетін жүлдені алды.
2021 жылғы есеп бойынша, Латвияда 1 млн 893 мың адам тұрады. Мұның 1 млн 187 мыңы – латыштар, олар 67, 74 пайызды құрайды, 463 мыңы – орыстар, олар 24,49 пайызға барады. Бұдан кейінгі орындарда 3 пайыздық мөлшер маңайындағы белорустар мен украиндар тұр.