АймақЖаңалықтар жаңғырығы

Қоғамдағы өзгерісті қоғам белсенділері жасайды

(Арал жанашырлары, ардақты аналар: Зеріп Рүстемқызы, Ұлмекен Ұзақбайқызы, Алтын Тоқтамысқызы, Светлана Сәдуқызына арналады)

Қоғамдағы өзгерісті қоғам белсенділері жасайды. Жеке өмірлеріңізде тамаша жетістіктерге жеткен, отбасы мен қызметті ұштастыра біліп, ұлдарыңызды – ұяға, қыздарыңызды қияға қондырған ардақты асыл анасыздар! Алтын ұя – отбасы берекесі өздеріңізбен бірге қонған құт.

Атадан дарыған асылдықтың сыры болар, туған жерге төнген қауіпті «жеті қат көк» жеткізгендей сезініп, жан-тәндеріңізбен, аналық жүрекпен Аралға араша болуға ұмтылдыңыздар.

Тартылған теңізімізбен қатар келген нәубеттен, безбүйрек биліктен жасыған халықтың көзін көрдіңіздер. Әкімқара көрсе, сырқыраған сүйегін сүйреп бұқпантайлаған ағаларымызды, шапан киіп, галстук таққан күні жанары сөнген, Абайша айтқанда, «қара басынан басқаға қайыры жоқ, өзі үшін ғана оттаған хайуанмен тең» замандастарыңыздың аяр күйін көрдіңіздер.

Өзі отырған теректің түбіріне балта шауып, өз тамырын өзі кеміріп, «паразитке» айналған «жебір биліктің» жетесіздігін білдіңіздер. Дер кезінде дереу тоқтауға шақырдыңыздар.

Арлы теңіз Арал аялаған Томиристей, аяулысы патша болса да, «еліме қауіп төнбесін» деген Заринадай, түбі түрік тектінің Ұмай анасындай қасиет бойларыңыздан табылды.

Аналық ақ тілектеріңіз Алланың құлағына шалынып, бастамаларыңыз нәтижелі болды. Уақытша десек те, химия зауытының құрылысы тоқтап тұр. Киелі Сарышығанақ даласы миллиондаған тонна «химиялық қоқыстан» аман қалды.

Жұт жылы «Құланды», «Ақбастыдан» бастап «қырылған» жылқы, «Қамбаш», «»Қосжарда батпақ жеп борсыған сиыр сиқын алғаш фото, бейнеге түсіріп, дабыл қаққандарыңыз, «Арал құрылтайында» алға салғандарыңыз да бос еңбек болмады, билік тарапынан қолдау тауып, төтенше жағдай жарияланып, абыржыған халыққа астау толар ас-су келді.

Өткен жылғы жұттан жүдеп шығып, езуі кепкен халықпен қосыла жүдеп «Аралға су келе ме?» деп, 2022 жылдың ақпанынан-мамырға дейін аудан көлемінде тасаттық беріп, Жаратушыдан су сұрауды, Меккеден бастап әлемнің әр тарабынан Жерорта, Қара, Мәрмәр теңіздерінен, ағылшынның Темза, Ресейдің Нева өзендерінен, қазақ жерінің өзен-көлдері – Каспийден, Есіл мен Ертіс, Балқаштан, Ойыл мен Таластан, тау-шатқалдары мен әулие бұлақ көздерінен су алдырып, Арал табанына су тамызуды үйлестіру істеріңіз де берекелі болды.

Арал өңірі ақпан айында «Аманөткел» бастаған алғашқы тасаттықтан кейін -ақ қар мен жаңбырға кенде болмады. Алайда Арал қаласына жауған жаңбыр тасаттықтан кейін үш-төрт күн өткізіп түсіп, төбе тесілгендей мол болды.

Сол кезеңнен бергі жауын-шашынның мол болуы арқылы Арал теңізіне 1,3 млрд шаршы метр, көлдер жүйесіне 1,6 млрд шаршы метр су жинауға мүмкіндік беріп, ел көңілі орнықты.

«Аралға су келе ме?» экомарафон -2022 акциясы да абыройлы өтіп, билік – Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың пәрменімен «Көкарал бөгетіне» деп 4,8 млрд шамалас қаржы бөлініп, іске кірісті.

Биылғы Арал-ЕЭА 2023 «экологиялық апат аймағынан жетекші жасыл экономика аймағына айналайық» атты экономикалық акциямыздың да алғашқы қадамдары өздеріңіздің ақ тілектеріңіз бен адал еңбектеріңіз айғағындай абройлы өтті.

Осы ретте абыройлы іздеріңізді сыйлаған, тұрандықтарды қолдаушы, барша Арал өңірі тумаларына, сіздердің Майра Есмұрзаева, Айна Баймаханова, Жанар Бердиева, Қанайым Қазанғапова, Бағымкүл Қамысбаева, Тәттігүл Қартаева, Роза Есекешова, Роза Махамбетова, Ләззат Ержігітова, Айнұр Рыспаева, Камшат Ниязбаева, Аймош Ізтілеуова, Құндыз бен Күлшат, Шамшат пен Дариха секілді сіңлілеріңізге, басқа да барлық белсенділерімізге шексіз алғысымызды білдіреміз.

Теңізіміз толып, Арал өңірін жайлаған барша халқымыз апат зардаптарынан айығып, Аралымыз құт пен береке ордасына айналсын.

Арал өңіріне, туған өлкемізге, жанашырлық жасап қолдарыңыздан келгенше аянбай, жанқиярлықпен қызмет еткен әр қадамдарыңыз үшін алғысымыз шексіз.

Нұртуған ТҰРЖАНОВ,

«Тұран ойпаты Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің президенті

Ақтөбе қаласы

01.06.2023     

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button