АймақЖаңалықтар жаңғырығы

КЕЛЕШЕГІ КҮМӘНДІ «КӨНЕ ТАРАЗ»

музейі қашанға дейін осылай құр қалқиып тұрар екен?

«Көне Тараз» музейін салуға 1 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Бірақ ол 2015 жылдан бері жұмыс істеген емес…

Бұл өкінішті мәселе өткір күйінде тұр.

Ғимарат 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты салынды. Көне ескерткіш мұралар мен жәдігерлердің музейі болады деген үміт ақталмады.

Дуылдатып, думандатып ашылған, сол кездегі Мемлекет басшысынан бастап небір марғасқалар қатысқан салтанаттан кейін…

Құрылысқа 1 млрд (950 млн) теңгедей қаржы жұмсап, ішкі экспонаттарына Мәдениет министрлігі жүздеген млн теңге қаржы төгіп, туристер үшін де керемет болды дегеннен кейін…

Бұл салаға жауапты шенеуніктер «ерен еңбектері үшін» түрлі марапаттарға ие болып, оны атап өткеннен кейін…

Су жаңа музей ғимараты жарамсыз болып қалды.

Той 2015 жылы күзде болды. Бір аптадан кейін жаңбыр жауды да төбесінен сорғалап су ақты, астыңғы қабаты көлкіген суға толды. Электр жарығынан да кінәрат табылды. Жылуы жанбады. Есігі тарс жабылды.

Бұл ыңғайсыз туғызған жағдайдан шығу үшін құрылыс басқармасы қосымша сан ондаған млн теңге бөліп, кем- кетіктерін жөндемекке күш салды.

Алайда, іс оңға баспады. Жаңа ғимараттың бағы ашылмады. Пайдалануға жарамсыз болып шықты. Мәдениет министрлігі не істесін, жарамсыз ғимаратты өз теңгермесіне алудан орынды тартынды.

Әкімдік не істеді? Қалың үнсіздікпен жылдар жылжып өте берді. Бұрынғысы бұққан бойы басқа жаққа кетті, оның орнына келген әкім бұл ғимаратты жөндеуге қажетті көп қаржыны бюджеттен бере алмады, оны заң көтермеді, ол да ауысты, жаңадан келген әкім де осы қаржыны табудан қиналды да қалды. Ол әкімнің орнына келген жас әкімге бұл жағдай , өте шетін мәселенің «тарихы» мәлімделді.

Міне, осылай жалғасқан өмір. Жүртшылық өкілдері мұндай музей бар екенін ұмыта бастады. Туристер де ат ізін салмады.

Тек мәдениет саласының танымал қызметкерлері дабыл қағып жүрді.

Біз кезінде Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде Үкіметке осы жағдайды жауапкершілік тұрғысында талқылап, қолға алу жөнінде депутаттық сауал жолдаған болатынбыз. Бұған байланысты Премьер-министрдің орынбасары арнайы жиын өткізіп, оған Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, Мәдениет министрлігінің өкілі қатысты. Біз де өз ойымызды айттық. Қорытындысында облыс әкімдігіне қажетті қаржыны іздестіріп, тауып мәселені шешуге хаттамалық тапсырма жүктелді. Назардан түскен жоқ. Алайда…

Содан бері «ғимаратты зерделеу, жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу» деген әңгіменің желісі күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Бұл жұмысқа жегілген облыстық құрылыс басқармасы басшысы елгезек, өз ісіне мұқият көрінген азамат еді. Енді ол да басқа жаққа ауысып кеткен.

Көңіл алаң күйінде. Айтылды…Аяғы жоқ.

Тараз қаласының көне, ежелгі деген келбетіне көрік беретін , елді танытуға мәні ерекше мәдени ғимараттың тағдыры осындай халде.

Мемлекет қаржысы құмған сіңген судай ма? Сұрауы қайда дейсіз ғой. Ресми жауапта «ол кісілер қазір қызмет етпейді» деген себептен жауапкершілігі қаралмайтынын аңғартады.

Бұл құқықтық жағынан қалай болмақ?

Сонда осыншама көңілге олқы соққан, қоғамда орынды реніш туғызған, мемлекет қаржысына сапалы жұмыс атқармағандардың арқасынан қаққанмен бірдей емес пе екен?

Тараздық талантты ақын, жас журналист Нұржан Қадырәлінің «Құндылықтарға құлып салынбауы тиісй деген атпен жақында жарияланған мақаласында да дәл осы музей ғимаратының мәселесі қозғалған екен. Біз де сол мақалаға орай үн қатуды жөн санадық.

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button