Назарбаевтың ең үлкен проблемасы – елдің қамы емес, отбасының, туған-туыстарының, достары мен құда-жегжаттарының мәселесін шешу еді. Біраз уақыт құда болып, тонның ішкі бауындай араласқан Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаевтың әйелі Майрам Ақаева өзінің «У надежды не бывает ночи» деген кітабында: «Однажды один близкий к их семье человек сказал мне: «Нуреке совершает подвиг по отношению к каждому члену своей семьи», при этом в голосе его прозвучало неодобрение», деп жазды. (Аталмыш кітап., Москва., 2003 ж., 259 б.) Бұл өте әділетті сөз, сыртқа қанша зіркілдесе де, оның сүйегі жасық, жуас адам. Жуас болмаса, өзінің әйелі мен үш қызына ие болар еді ғой.
Әйелі де аса ақылды адам болмай шықты, бір үйге бір президент жеткілікті екеніне қараған жоқ, ол да өзінше президент болып, өз жолымен кетті. Шалының бабын тауып, шаршап келгенінде жақсы демалыс ұйымдастырудың орнына шапқылып, облыстарды аралап, «Бөбек» қорына ақша түсірумен жүрді. Оны да салмақты, салауатты жүргізе алмай, жанына жиып алған қулар мен сұмдардың құйт-құйттауымен неше түрлі бастамалар көтеріп, тіпті мектептердің оқу бағдарламасына дейін араласты.
Егер Ресейдің президенті болған Борис Ельциннің әйелі Наина Иосифовна шалының үстінен құс ұшырмай күтсе, қыздары әкесінің ісіне көмек қолын созып, жағдай тудырса, мұның қыздарының әрқайсысы өздерінше түйе айдап кетті. Кімнің арқасында кісі болдық, кімнің арқасында бізге келіп жатқан бақ пен байлық дегенді ойларына да алған жоқ. Шексіз билік пен байлық бұларға Құдайдың өзі берген несібесіндей көрді. Күйеу балалары да бір-біріне жау болып, ұрлық-қарлықтан, рейдерліктен бәсекеге түсті. Басқа туыстары да сондай жолда болды. Осыларды құрықтауға шамасы келмеген шалдың өзі де жанына жинаған орыстанып кеткен жас қулардың құйтырқылығымен өзінің қызынан да кіші қыздарға үйленді. Адамгершілікті, ар-ұятты аяққа басты. Өзі теңдес еш адамды маңына жолатқан жоқ. Ешкімді өзіне теңгермеді, әсіресе қазақы тәрбиелі, ақыл-ойы терең адамдарды қасына жақындатпады. Облыс әкімдері, министрлер сияқты орынтақтарға кездейсоқ адамдарды тағайындады, соның ішінде өзінің аталастарын, жерлестерін, достарының балаларын қамтыды. Соның бәрі ешкімді өзінен асырмаудың амалы еді.
Әрине, ол қажыды, әбден шаршады. Отыз жыл бойы алып мемлекетті басқару оңай емес, халықтың бәрінің жүрегіне үнемі жол табу қиын. Сондықтан ол тыныштықты ғана қалады. Қазақтың қазан бұзбасына сенімді болды, кейде алдарқатып, қиын заманды естеріне салып қойса, қазақ жазған тәубесіне келе қалады. Біздегі қиыны орыс қой. Сондықтан олармен тату болуды, солардың ығына жығылуды ғана өзінің политтехнологиясының басты бағыты етіп алды.
Жағдай осылай болып, түзде бір қиыншылық болып жатқанда, үйдегі дүрбелең екінші жақтан қысқан қартаң адамның қолынан елді тиімді басқару қайдан келсін?.. Ол күннен күнге шатқаяқтай берді. «Бөрі арығын білдірмес, сыртқа жүнін қампайтар» дегендей үлкен жиналыстарда бір зіркілдеп қойғаны болмаса шалыңның ішкі де, сыртқы да қуаты сарқылып, әлсірей бастағаны сезіліп тұратын. Кәрілік өзінікін ала берді. Бірде тіпті басқа сөз таппай, Астананың көшелеріне халықтың қоқыс тастайтынын, тазалық сақтамайтынын сөз қылды. Президенттің деңгейіндегі сөз бе, осы? Ал биліктен кетуге оның тәтті дәмін қимады.
Өзге қылықтарымен қатар, Назарбаевтың қорқақтығы да бар. Мәскеуде болған ТМД-ның бір саммитінде Ислам Каримов мінез көрсетіп, Путиннен басқалардың бәріне сын айтып, әсіресе Азиялық басшыларды тұқырта сөйлегенде, бұл үнін шығаруға жарай алмай, тұғжыңдап қалған. Тек Қырғызстан мен Тәжікстанның лидерлері ғана жауап айтып, тойтарыс бере алды. Қай күнде қорқақ адам тура соққы алса, айтарға сөз таппай, берекесінен айрылып қалады ғой…
Рас, мен бір кезде Назарбаевты жақсы көрдім. Тіпті онымен мақтандым, мақтауы келіскен талай мақалалар да жаздым. Оның тауып сөйлейтіндігіне, сөзінің өтімділігіне риза болатын едім. Алымдылығы да мықты еді, талай ортада ол жарқ етіп көзге түсіп, топты жарып ақылды, тосын, өткір пікірлерді ортаға тастай алатын. Президенттердің халықаралық саммиттерінде ол үнемі ең зор, салмақты, ықпалды елдердің басшыларының ортасынан табылатын… Тіпті қазақы сөздерді де ойната білетін. Мысалы, Шерхан Мұртазаның үнемі өкінішті өмірді арқау ететін «Бір кем дүние…» деген белгілі афоризмі бар. Назарбаев бірде Шерағаңа «Бір кем дүние» дей бермей, «Бір кең дүние» десеңіз қайтеді» деп тауып айтқан еді…
Бірақ амал не… Жылдан жылға оның иті қырын жүгіре бастады. Негізгі себептері жоғарыда айтылғандар… Өзінің отбасына ие бола алмаған жан елге, оның азуы алты қарыс басшылары мен қосшыларына, әкім-қараларына, бай-бағландарына қайдан ие болсын. Ақыры, «балық бастан шіриді» демекші, мұның ісі мен қылығын көрген басшылар да іріп-шіри бастады. Күн өткен сайын либерализмді мұрат тұтамыз деген сылтаумен қабылданған заңдарымыз да солқылдақ бола берді. Бюджеттің миллиардтарын ұйымдасып жымқырғандарға ешқандай жаза қолданылмай, тек қайтарса болды деген тәртіп шықты. Бұрыннан ұрлаған дүниелеріне шетел мен өзімізде коттедж, қымбат үйлер мен машиналар сатып алғандар біраз дүниесін сатып, ұрлаған дүниесін қалпына келтіре салатын. Тіпті артығымен қайтару керек десе де, оны орындай алатын. Ал сол, қалпына келтіретін ақшаның өзі ұрлық жолымен келгеніне сот та, атқарушы билік те солқылдақ заңдардың кесірінен көз жұмып қарады. Сөйтіп, ұрлық-қарлық көбейе түсті. Дүниенің ұлы адамдарының бірі Фридрих Энгельс бір сөзінде: «Ұлтты ірітудің екі жолы бар: Жазықсыздарды жазалау және жазықтыларды жазаламау» деген екен. Сол айна-қатесіз бізге келіп тұр.
Тіпті майшелпектің басында отырғандар ұрлықпен байлық жинай алмаса, ондайларды мазақ қылатын түсінік те пайда болды…
Жақсыбай САМРАТ