Назарбаевтың інісінің ұлы мемлекетке тағы 82,6 миллиард теңге қайтарды
АСТАНА. 1 ақпан. Байырғы президенттің туған інісінің ұлы Қайрат Сатыбалды кезінде өзі ұрлаған есепсіз ақшаның тағы 82,6 млрд теңгесін қазынаға қайтарып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мұны сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали Президентке былтыр атқарылған жұмысьарының нәтижелері жөнінде берген есебінде айтып өтті. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевқа жыл ішінде жемқорлыққа қатысты 1 692 қылмыстың тіркеліп, 1 324 адамның абыройы паш етілгенін баяндады. Бұлардың 161-і түрлі деңгейдегі басшылар болып шықты. Аталған істердің 1 221-і сотқа дейін жеткізілген.
«Қайрат.Сатыбалдыға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары аясында биыл ақпан айында бюджетке тағы да шамамен 82,6 миллиард теңге (185 миллион АҚШ доллары) түсті. Бұдан бөлек, Ақмола облысының Қосшы қаласындағы 942 гектар жер учаскесі мемлекетке қайтарылды. Оның нарықтық құны 13 миллиард теңгеден асады», – деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қайрат Сатыбалдының Алматыдағы мейманхананы сатып алу жөніндегі келісімшартты тергеу оқшаулағышында отырып жасасқаны жайлы хабар тарап кеткен еді.