Тбилисиде Ресей рейсіне қарсы мыңдаған адам көшеге шықты (видео)
ТБИЛИСИ. 20 мамыр. Гүржістан байтағында Мәскеуден келетін авиа қатынастың қайта жалғасқанына наразы мыңдаған адам шеруге шығып, қаланың орталығын жауып тастады. Бұл туралы гүржі елі ресурстарының дерегіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Ақпаратқа сай, шеруге шығушылар Гүржістан билігін батысқа қарай бағытталған бағыттан айнып, қайтадан Ресеймен ауыз жаласа бастады деп айыптап отыр. Осылайша, елдің қауіпсіздігіне қайта қауіп төндірді. Кеңес Одағын қайта құруды армандайтын басқыншы ел кез келген уақытта қайта шабуыл жасауы мүмкін. Картвел жұрты Оңтүстік Осетия мен Абхазиядан айырған екі орыс соғысын әлі ұмыта қойған жоқ.
Акцияда ашықтан-ашық айтылған талап-тілектер болған жоқ. Ал ел тұрғындарын көшеге шығуға белсене шақырған оппозициялық партиялар серкелері микрофон алдына жолаған жоқ.
Акцияның бейбіт қалыпта өткені айтылып жатыр. Бірақ оның соңында полиция қоғамдық тәртіпті бұзған бірнеше адамды ұстапты.
Бұдан бұрын, 10 мамыр күні Ресей президенті Владимир Путин РФ мен Гүржістан арасындағы тікелей әуе қатынасына тыйым салу жөніндегі жарлықтың күшін жойған еді. Осыдан кейін көп ұзамай премьер-министр Ираклий Гарибашвили мен билеуші «Гүржістан арманы» партиясының барлық лидерлері екі ел арасындағы ұшақ қатынасын қолдайтындарын мәлімдеді.
Бұған Тбилиси жұртшылығы қарсы бас көтерді. Олар алдымен 16 мамыр күні шеруге шықты. Одан кейін кеше Мәскеуден келген бірінші ұшақты қарсаңында аэропортта сондай шеру ұйымдастырылды.