Астана бокстан әлем чемпиондары мен жүлдегерін қуана қарсы алды
АСТАНА. 15 мамыр. Ташкентте өткен бокстан әлемнің XXII чемпионатының алтын және күміс жүлдегерлерін еліміздің бас қаласының жұртшылығы шат-шадыман көңіл-күймен күтіп алды. Бұл туралы zakon.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Астана әуежайында чемпиондар мен жүлдегерлерді қарсы алуға жиналған қарақұрым халықтың қатары көп болды.
Айтатыны жоқ, Қазақстан боксшылары Ташкентте бұдан тура 10 жыл бұрынғы рекордты қайталап, 4 алтын және 1 күміс медаль жеңіп алды. Сөйтіп, 5 алтын, 2 күміс және 2 қола медальға қол артқан Өзбекстан құрамасынан кейінгі екінші орынға жайғасты. Ал 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында біздің боксшылар 4 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль жеңіп алған еді.
Чемпиондар мен жүлдегерді күтіп алуға Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов та келді.
«Бұл – тарихи жеңіс. Кеше бүкіл әлем Ташкенттегі бокстан әлем чемпионаты барысын қадағалап отырды. Біздің бес жігітіміз финалға шықты. Біз одан бір күміс, төрт алтын медаль алдық. Бұл – іс жүзінде бұдан он жыл бұрынғы жетістікті қайталау. Қазақстан құрамасы сапында біздің бокс мектебінің түлектері өнер көрсеткендері ешкімге құпия емес. Біз кезекті мәрте Қазақстан бокс мектебінің әлемдегі үздіктердің бірі екенін дәлелдеп бердік. Қараңыздаршы, біздің спортшыларымызға қолдау көрсетуге қаншама адам келіп тұр. Құрмет көрсетуге келіп тұр», – деді министр.
Ол боксшыларымызды алда Азия ойындары мен Олимпиада күтіп тұрғанын сөз етті. Айтқандай, әлем чемпионы атанып келген әрбір атлетке жалпы сомасы 365 мың доллар көлемінде сыйақы беріледі.
«Спортшы үшін ең басты мақсат ақша емес. Олар елдің намысын қорғау үшін барады. Ташкентте Қазақстанның гимні төрт рет шырқалды. IBA жігіттеріміздің әрбіріне 250 мың доллардан береді. Ал Қазақстан бокс федерациясының сыйы – 100 мың доллар. Заң бойынша, әлем чемпионы атанғандарға Үкіметтен тағы 15 мың доллар берілуге тиіс. Жаттықтырушыларға да осындай сома тапсырылады. Мен мұны дұрыс шешім деп есептеймін. Бұл тек боксқа ғана қатысты емес, регламент бойынша спорттың басқа түрлері үшін де қолданылады», – деді Асхат Оралов.
Чемпиондардың бірі – Нұрбек Оралбай қолдау көрсеткендері үшін отандастарына алғыс айтты. «Біз үшін бұл үлкен демеу болды. Біз сіздерге арқа сүйеп отырдық. Халыққа намысымыз бар екенін көрсеткіміз келді. Алда Азия және Олимпиялық ойындар тұр. Біз өз еліміздің туын көкке көтере береміз», – деді ол.
Тағы бір алтын жүлдегер – Санжар Тәшкенбай алда біршама уақытты туған-туыстарымен бірге өткізіп, тынығып алғысы келетінін айтты. Содан кейін ірі жарыстарға дайындыққа кіріседі.
«Мен өз жанкүйерлерімізге үлкен алғыс айтқым келеді. Олар бізге қатты қолдау көрсетті. Ташкенттегі трибунада тіпті өзбектерден қазақтар көп болды. Біздің гимн ойналғанда, олар қосылып шырқап кетіп тұрды», – деді ол.
Еске сала кетейік, Ташкентте әлем чемпионаты 1-14 мамыр аралағында өтті. Оған әлемнің 107 елінен 538 былғары қолғап шебері қатысты.