Түркиядағы президент сайлауы екінші турға ұласатын болды
АНКАРА. 15 мамыр. Түркияда кеше өткен кезекті президент сайлауы екінші турға жалғасатын сияқты. Бұл туралы шетел баспасөзіне шолу жасаған rast.kz хабарлайды.
Бақылаушылардың байыбынша, таласқа түсіп жатқан іс басындағы президент Тайип Реджеп Ердоған да, оның басты қарсыласы Кемал Кылычдароглу да бірінші турда 50 пайыздық мөшерден аса алмады.
Алайда кеше кешке дейін Ердоғанның 53 пайыздық деңгеймен алда келе жатқанын әлемнің көптеген ақпарат құралдары хабарлаған болатын. Ал қоғамдық пікірді зерттеу барысы Кылычдароглудың аздаған басымдықпен алда келе жатқанын көрсетті.
Мемлекеттік Anadolu агенгттінің атап өтуінше, бюллетеньдердің 91 пайызы саналып болған кезде Ердоған 49,86 пайызбен алда келе жатса, Кылычдароглу 44,38 пайыз болып тұрған.
Habertürk агенттігі осы шамада қазіргі президенттің 52,30 пайыз, оның бақталасы 41,82 пайыз дауыс жинап тұрғанын жазды.
Түркияда келесі президентті сайлау науқаны елдің соңғы 100 жыл ішіндегі ең күрделі кезеңдерінің бірі болып отыр.
Егер бұл сайлауда Ердоған жеңілер болса, оны өзінің одақтасы санап отырған Ресей президенті Владимир Путиннің өкінетіні анық, ал АҚШ әкімшілігін, сондай-ақ Еуропаның көптеген елдерін, Таяу Шығыс мемлекеттерін бұл жағдай әбден қанағаттандырар еді.
Түркияны екі он жылдық мерзім басқарған Ердоған оны әлеуеті жағынан Еуропада екінші болып тұрған елге айналдырды.
Бірақ қайта-қайта өзгеріп жатқан экономикалық ахуал ел тұрғындарының жүйкелеріне тие бастады. Үкіметтің Анадолы жерінде орын алған алапат зілзалаға кешеуілдеп реакция жасауы да өзінің кері әсерін тигізді. Ал жер сілкінісі 50 мың адамның өмірін жұлып әкетті.
Кылычдароглу Түркияны дамудың жаңа жолына салып беруге, елде демократияның өркен жаюына жағдай жасауға уәде етіп отыр. Бастапқыда Ресеймен өте жақсы қарым-қатынас орнататынын мәлімдеген ол кейін Украинадағы соғысқа Ердоған бастап беріп кеткен позиция тұрғысынан келетінін, одан айырмашылығы, Ресейдің басқыншылығын батыл айыптайтынын баяндады.
Кейбір шолушылар Ердоған жеңіске жеткен жағдайда Түркиядағы автократия бұдан да жоғары бола түсетінін, демократияның біржола тұншығатынын айтып отыр..
Түркияның Habertürk газетінің мәліметінше, президенттікке тағы бір мүдуар, ресейлік көзқарастағы Синан Оган 5,34% шамасында дауыс алған.
Сонымен, Түркиядағы сайлау жалғасып жатыр.