Украина Ресейдің шекаралас үш өңіріне дрондармен шабуыл жасады
МӘСКЕУ. 11 мамыр. Украина Қарулы күштері 11 мамырға қараған түні Ресеймен шекарадағы үш өңірге бірден ұшқышсыз ұшақтармен шабуыл ұйымдастырды. Бұл туралы The Moscow News дерегіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Аталған өңірлер арасында Брянск, Курск және Белгород облыстары бар.
Губернаторлар бұған Киевті айыптап жатыр.
Брянск облысында дрондардың бірі «Роснефть»-ке қарайтын «Брянскнефтепродукт» кәсіпорнының мұнай базасына шабуыл жасаған. Губернатор Александр Богомаз оның Украина жақтан келгеніне сенімді болып отыр.
Богомаз түнде украин дронынан Стародубтегі әкімшілік ғимаратының да зардап шеккенін айтады.
Shot сайтының мәліметінше, ұшқышсыз ұшатын аппарат әскери комиссариат ғимаратына да шабуыл жасаған.
Ал 11 мамыр күні таңертең бес дрон Курск облысындағы электр станциясына оқыстан тап берген. Губернатор Роман Старовойттың айтуынша, бұдан кейін соққы Глушков ауданының Тёткино кентіндегі электр станциясына берілген. Сол сияқты Железногорск қаласына жақын жерге бір дрон құлап түскен.
10 мамыр күні кешке Белгород облысына шабуыл жасалды, деді өңір басшысы Вячеслав Гладков.
Бұдан бір күн бұрын дрондар Воронеж облысына шабуыл жасаған еді.