Зеленьский: «Бізге Путинді Гаага трибуналына аман-есен жеткізген тиімді»
МӘСКЕУ. 4 мамыр. Украина президенті Володимир Зеленьский өздеріне Путинге шабуыл жасаудың керексіздігін, оның жазасын трибунал беруге тиіс екенін айтты. Бұл туралы ресейлік және украиналық ресурстардың деректеріне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Кешелі бері Ресей шенеуніктері мен пропагандистерінің «жыры» өткен түнде Кремльге жасалған ұшқышсыз ұшақ шабуылы болды.
Әдеттегідей РФ қауіпсіздік кеңесі басшысының орынбасары Дмитрий Медведев алғашқылардың қатарына өз ашу-ызасын білдірді. Оның әңгімесі тағы да ядролық соққы төңірегінен өрбіді. Ол Украинаны осылай жоқ қылып жіберуге болатынын айтты.
«Димоннан» РФ мемлекеттік думасының спикері Вячеслав Володин де қалыса қоймады. Оның сөзі де осындай мақаммен жеткізілді. Айырмашылығы, бұл Украинаны емес, оның президенті Зеленьскийді «жойып жіберуге» үндеді. «Біз соны талап етеміз» деді ол. Спикер «көшенің бандиті» сияқтанып, украин билігінің басында тұрғандарды өлтіруге шақырды. Мұнымен тоқтамай, Украина билігін «террорлық ұйым» деп жариялауды ұсынды. Ол сондай-ақ Киевпен кез-келген келіссөзден бас тарту керек екенін мәлімдеді.
Сенаттағы путинистің бірі Сергей Миронов та Украинаны соғыспен басып алатын болып қорқытты. «Бұл – нағыз casus belli – Украинамен соғысуға желеу. Украинаның террорлық билігін жою. Біздің олардың бункеріне соққы беруге себебіміз бар», – деді ол.
Депутат Алексей Журавлев Ресей армиясын «Киевтегі үкімет үйлерін көздеп соққы беруге» шақырды. Тағы бір «халық қалаулысы» Виктор Соболев «Киевтің орталығына соққы беруді» талап етті.
«Бұған сену қиын», – деп күңіренді пропагандист Ольга Скабеева. Ол Кремльге түнде жасалған шабуылдан әлі есін жия алмай жүр екен.
Ал Украина жоғарғы радасының депутаты Давид Арахамия Кремльге шабуылды Путинге ренжіп жүрген ресейлік олигархтар ұйымдастырды дегенді айтады.
Осының бәрінің нүктесін Украина президенті Володимир Зеленьский қойып берді. Ол Украинаның бұл бомбылауға қатысы жоқ екенін ашып айтты. «Біз Путинге де, Мәскеуге де шабуыл жасамаймыз. Біз өз территориямыз үшін күресеміз… Бізге Путинге шабуыл жасау тиімді емес, біз оны аман-есен трибуналға жеткізуіміз керек», – деді ол.