Павлодарда қазақтарды балағаттаған әйелге қарсы қылмыстық іс қозғалды
ПАВЛОДАР. 4 мамыр. Павлодарда Моңғолиядан келген қазақтарға қатысты былапыт балағат сөздер айтып, өшпенділік көрсеткен әйел жазаға тартылғалы жатыр. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.
Оған ұлтаралық араздық туғызды деген айып тағылды.
Ниеті бұзық әйелдің қазақтарға қатысты неше түрлі балағат сөздер айтқаны жазылған видео 1 мамыр күні әлеуметтік желіге тарады. Ол Instagram желісіндегі @nastya_brovkapvl парақшасында балағат сөздер айтып, Моңғол Халық Республикасынан келген қазақтар туралы теріс пікір білдірген.
Аталмыш факт бірден Павлодар қалалық полиция департаментінің Солтүстік полиция бөлімінде тіркелді.
Ел ішіндегі ұлттар арасында іріткі туғызу әрекетін жасаған 27 жастағы Анастасия Бровка деген әйел болып шықты.
«Құқық бұзушының үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы («Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қажетті сараптама тағайындалды», – деп мәлімдеді Павлодар облыстық полиция департаментінің бастығы Василий Скляр.
Сонымен қатар, әлеуметтік желіде әдепсіз сөздер айтқаны үшін оған ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі бойынша 20 АЕК (69 мың теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Бұған қоса, ол Павлодардың атын өзгертуге қарсы пікір айтқан. Оның аузымен балағаттан бөлек, орыстың боқтық, боғауыз сөздері өте көп айтылған.