Ташкентте чемпионаттың бірінші күні біздің екі боксшы рингке шығады
ТАШКЕНТ. 30 сәуір. Ташкентте ертең басталатын әлем чемпионатына жеребе тартылып, жарыстың бірінші күні қазақстандық екі боксшының шаршы алаңға шығатыны белгілі болды. Бұл туралы өз мәнбесі дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бүгін былғары қолғап шеберлерінің алғашқы қарсыластарын анықтайтын жеребе тартылып, чемпионаттың ашылу салтанаты болып өтті.
Біріншіліктің шымылдығы молдован Илие Аргату мен малилік Абдул Карим Батхили арасындағы жекпе-жекпен ашылады.
Біздің оғландар арасынан шайқасқа шаң қосатын екеудің алғашқысы – 60 килоға дейінгі салмақтағы дебютант Талғат Сырымбетов тай боксшысы Сакда Руамтхаммен қолғап түйістіреді. Ал 92 килоға дейінгі салмақтағы Айбек Оралбай болгардың белгілі атлеті Радослав Пантелеевпен күш сынасады.
Жарыстың бірінші күні шайқастар күндізгі сессияда ғана ойналады. Ол Ташкент уақыты бойынша сағат 17:00-де басталады. Жекпе-жектер А секторында сағат 22:15-те, В секторында 22:00-де аяқталады. Біздің екі боксшы да А секторында рингке шығады, екеуі де қызыл бұрышта тұрады. Талғат 15-ші кезекте рингке көтеріледі, Айбек аяғына қарай айқасады.
Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы Ташкентке мына құрамда барды: Санжар Тәшкенбай (48), Сәкен Бибосынов (51), Махмут Сабырхан (54), Серік Теміржанов (57), Талғат Сырымбетов (60), Санатәлі Төлтаев (63,5), Дулат Бекбауов (67), Асланбек Шымбергенов (71), Нұрқанат Райыс (75), Нұрбек Оралбай (80), Сағындық Тоғамбай (86), Айбек Оралбай (92), Қамшыбек Қоңқабаев (+92).
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, жаһандық жарыстың көніне екі еселенген мөлшерде сыйақы қойылады. Ол 5,2 миллион АҚШ доллары сомасын құрайды. Чемпионатта алтын жүлдегерлер 200 мың доллар алса, күміс медаль иегеріне 100 мың доллар, қола жүлдегерге 50 мың доллар мөлшерінде қаржы тапсырылады.