ЕО Ресейге параллель импорт жасағаны үшін Өзбекстанға санкция салмақшы
ТАШКЕНТ. 28 сәуір. Еуропа одағы Ресейге параллель импорт жасауға көмектесіп келе жатқаны үшін Өзбекстанға да санкция салатынын ескертті. Бұл туралы шетел деректеріне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Батыс шенеуніктері Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектесіп отырған посткеңестік мемлекеттерге қысым жасауды жалғастырып келеді.
АҚШ делегациясы Қазақстаннан кейін Өзбекстанға ат басын бұрып, ондағы РФ-мен жұмыс істесіп келе жатқан компаниялар мен банктерге қатаң ескерту жасады, мұндай ескерту Өзбекстан билігіне де берілді.
«Егер бұдан әрі де заңсыз жүргізілген трансакция оқиғалары анықталар болса, Өзбекстанның экономикалық субъектілері «санкциялардың әсер ету аумағына сөзсіз түсіп қалады», – деді Ташкентке сапарының қорытындысында Еуроодақтың арнайы елшісі Дэвид О’Салливан.
Ол өзбекстандық шенеуніктерге «ресейлік әскери машинаның Украина халқына қарсы сұрапыл соғысты жалғастыруына ықпал жасайтын» екі бағытқа таратылушы тауарлар тізімін берді. Бұлар, негізінен, блок-схемалар, микрочиптер мен еуропалық өндірістің оптикалық жабдықтары болып отыр.
«Біз <…> осы тізімдегі тауарлар экспортының Өзбекстан территориясында 126 пайызға ұлғайғанын көрдік, бұл – айтарлықтай көп ауқым», – деді Дэвид О’Салливан (мұның дәйектемесін Gazeta.uz келтірді).
Арнайы елшінің айтуынша, ЕО соңғы айларда Өзбекстан Кеден комитетімен және Орталық банкімен тығыз ақпарат алмасып тұрған, сол кезде өзбек тарапы республика территориясының Ресей үшін санкцияны айналып өтетін аумақ болмайтынын айтып сендірген. «Біз мұның мемлекеттің саяси таңдауы екенін де жақсы түсінеміз», – деп атап көрсетті ол.
Euromonitor International-дың мәліметі бойынша, өткен жылы Ресеймен шекаралас елдердің Еуропа одағынан санкцияға іліккен тауарларды алулары екі есеге өскен, сонымен бірге олардың РФ-ға тікелей экспорттары іс жүзінде 71 пайызға артып шыға келген.