Өзбекстанда қайтадан мемлекеттік тіл департаменті құрылып жатыр
ТАШКЕНТ. 28 сәуір. Өзбекстанда бұдан төрт ай алдын таратылып кеткен мемлекеттік тілді дамыту департаменті қайтадан құрылатын болды. Бұл туралы gazeta.uz сайтының дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Президенттің әкімшілік реформалар туралы жарлығына сәйкес жабылып қалған Өзбекстан Министрлер кабинеті құрылымындағы мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі департамент арада төрт ай өткеннен кейін қайта құрылатын болды», – делінген сайт хабарламасында.
Президент Шавкат Мирзиёевтің 2022 жылғы 21 желтоқсандағы жарлығы бойынша, 61 министрлік пен ведомство саны 28-ге дейін қысқартылған болатын, соның ішінде министрліктер саны 21-ге дейін азайса, 20 ведомоство толайым жойылып кетті. Ал биылғы 20 сәуірде Мемлекет басшысының «Үкіметтің атқару құрылымын жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» жарлығында мемлекеттік тілді дамыту департаментін қайта қалпына келтіру қарастырылды.
Құжат мемлекеттік тілдің мемлекеттің өмірі мен қоғамдағы мәртебесін көтеру, оны ғылыми негізде жан-жақты дамыту мен қолданыс аясын кеңейту, қазіргі заманғы ғылымды дамытудағы мемлекеттік тілдің орны мен рөлін көтеру мақсатында қабылданып отыр.
Департаменттің құрылуына байланысты қосымша бөлінетін штаттық бірліктер Президент әкімшілігіндегі бес штаттық бірлікті қысқарту есебінен енгізіледі. Осылайша, Үкімет құрылымында мемлекеттік тілді дамыту департаменті қайта пайда болғалы жатыр.
Департаменттің өзі бірінші рет 2021 жылғы 21 қазанда – өзбек тілінің мемлекеттік статус алуына 30 жыл толған күні құрылған еді. Ал 2022 жылғы 21 желтоқсанда ол президенттің әкімшілік реформалар туралы жарлығына сәйкес қысқарып кетті.
Арада өткен төрт ай уақыт Өзбекстан сынды мемлекеттік тіл мәселесі біршама табысты шешіліп келе жатқан дәулеттің өзінде бұл жөніндегі саясатты жүргізетін арнайы ведомствоның бәрібір керек болатынын көрсетіп берді.