Әлем чемпионаты алдында боксшылар құрбандық шалып, дұға оқытты
ШЫМКЕНТ. 27 сәуір. Ташкентте өткелі тұрған әлем чемпионатына аттанар алдында бокстан Қазақстан құрамасының басшылары құрбандық шалып, әруақтарға дұға бағыштап, үлкендердің батасын алды. Бұл туралы өз мәнбесі дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Шара қазіргі күндері былғары қолғап шеберлері біріншілік алдындағы соңғы дайындық кезеңін өткізіп жатқан Шымкент түбіндегі «Алма-Тау» базасында өткізілді. Оған республикалық, облыстық деңгейде қызмет атқарған спорт фунционерлері мен ардагерлері қатысты. Соңынан ақсақалдар спортшыларға тілек тілеп, бата берді.
Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы Ташкент рингінде мына құрамда әлем чемпионаты медальдарын сарапқа салуға қатысады: Санжар Тәшкенбай (48), Сәкен Бибосынов (51), Махмут Сабырхан (54), Серік Теміржанов (57), Талғат Сырымбетов (60), Санатәлі Төлтаев (63,5), Дулат Бекбауов (67), Асланбек Шымбергенов (71), Нұрқанат Райыс (75), Нұрбек Оралбай (80), Сағындық Тоғамбай (86), Айбек Оралбай (92), Қамшыбек Қоңқабаев (+92).
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, жаһандық жарыстың көніне екі еселенген мөлшерде сыйақы қойылатын болып отыр. Ол 5,2 миллион АҚШ доллары көлемін құрайды. Чемпионатта алтын жүлдегерлер 200 мың доллар алса, күміс медаль иегеріне 100 мың доллар, қола жүлдегерге 50 мың доллар мөлшерінде қаржы тапсырылады.
Былғары қолғап шеберлерінің әлемдік додасына 104 елден 13 салмақ дәрежесі бойынша 640 боксшы қатысады.
Чемпионат 30 сәуірде салтанатты жағдайда ашылады. Чемпионат жекпе-жектер 1 мамырда басталады.. Финалдық шайқастар 13-14 мамыр күндері ойналады.