Тоқаев: Мемлекеттік тілді меңгерудің жүйелі қадамдары жасалуы тиіс
АСТАНА. 27 сәуір. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясының кезекті сессиясында мемлекеттік тілді меңгерудің жүйелі қадамдары жасалуы тиіс екенін атап өтті. Бұл туралы Ақорда сайты хабарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қазақстан халқы ассамблеясының бұл жолғы ХХХІІ съезі «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» деген тақырып аясында өтті.
Ұлы жиынға қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілі біздің еліміздегі мәдени-рухани тұтастықтың жарқын көрінісі болуға тиісті екеніне назар аударды. Ол өз сөзінде барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі саясатымыздың стратегиялық бағыты болатынын мәлімдеді.
«Қазақ тілі – азаматтық интеграцияның тиімді құралы, мәдени-рухани тұтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
«Бұл – тек салалық министрліктердің ғана емес, бүкіл қоғам болып шешетін тарихи міндет. Осы ретте асыра сілтеушілік пен даңғазалыққа жол бермей, парасатты әрі дәйекті түрде әрекет еткен жөн», – деді Президент одан әрі.
«Қазақстан паспорты біздің бірлігіміз бен татулығымызға негіз болған прогрессивті құндылықтарды бейнелейді. Өз кезегінде көк байрағымыз – қасиетті тәуелсіздігіміз бен көп ғасырлық мемлекеттілігіміздің жарқын белгісі. Туымыз ірі халықаралық спорттық жарыстарда және басқа да сондай шараларда жоғары көтерілген сайын, біздің бойымызды елімізге деген мақтаныш сезімі кернейді. Даңқты отандастарымызды – спортшыларымызды, мәдениет қайраткерлерімізді, ғалымдарымыз бен студенттерімізді, кәсіпкерлерімізді шыққан тегіне қарамастан, шетелде үнемі қазақтар деп атайды. Бұл – табиғи құбылыс. Солай болуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Президент біздің қоғамды ортақ идеалдар мен құндылықтар біріктірген еркін әрі жауапкершілігі мол азаматтардың одағы деп есептейді. Бұл – жалпы ұлттық бірегейлігіміздің тағы бір жарқын көрінісі. Оның айтуынша, бүгінде азаматтарымыздың бәрі өздерін үлкен әрі біртұтас қазақ отбасының, шын мәнінде, қазақ ұлтының мүшесі сезінеді.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық бірегейлікті сақтаудың маңызды рөліне тоқталып, осыған орай этносаясат мәселесіне байыппен қарау керек екенін атап өтті.
«Татулық пен бірлік – табысты мемлекет болудың басты кепілі. Сессия аясында кеше нақты мәселелерге арналған пікірталас өткенін білемін. Этносаясатта жаһандық және аймақтық үдерістер ескерілуге тиіс екені айтылды. Бұл – өте орынды ұсыныс. Яғни, этносаралық қатынас мәселесін заман талабына сай реттеу керек. Бұл жұмыс ауқымды реформалармен үндес болуға тиіс. Бұған немқұрайлы қарауға болмайды, этносаралық саясат айрықша назар аударып, ұдайы жетілдіріп отыруды қажет етеді. Шын мәнінде, азаматтардың бірлігін, жалпы ұлттық бірегейлікті және еліміздің этно-әлеуметтік тұтастығын нығайту жөніндегі іргелі, тіпті қасиетті деп айтуға болатын міндеттерді жүзеге асырмайынша, мемлекеттің бірде-бір стратегиялық міндетінің орындалуы мүмкін емес екенін естен шығармаған жөн», – деді Мемлекет басшысы.
Сессия барысында Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіндегі бірқатар басымдықты айқындап берді. Атап айтқанда, Президент бірлігіміз бен татулығымызға сына қаққысы келетін кез келген арандатушылық әрекетке батыл түрде тосқауыл қою, этноәлеуметтік шиеленістің шығу себептерін жою үшін нақты шаралар қабылдау қажет екеніне тоқталды. Сонымен қатар көпмәдениетті ортаны дамытып, барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруі үшін жүйелі қадамдар жасау керектігін айтты.
«Мемлекеттік тілді оқымаған және тиісті деңгейде меңгермеген азаматтар тіл білмегені үшін қысым көрмеуге тиіс. Сонымен қатар біздің қоғамда мемлекеттік тілді үйрену, оны білуге ұмтылу қалыпты жағдайға айналуы қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Міне, осы байлам азаматтық қоғамда, әлеуметтік желіде үлкен резонанс алып, кең талқылауға түсіп жатыр. Пікір қосушылардың көпшілігі өздерінің бұл тұжырыммен әсте келіспейтіндерін білдіріп отыр. Олардың дені мынадай «ұзын арқау, кең тұсаулы» көзқараспен мемлекеттік тілді өзінің деңгейінде дамыту мүмкін емес деп есептейді.