Түркия – Қытайға: «Ұйғырдың бәрі бірдей лаңкес емес»
АНКАРА. 20 ақпан. Өткен жексенбі күні Түркия сыртқы істер министрі Германияда өзінің қытайлық әріптесімен келіссөз жүргізгеннен кейін Шыңжаңдағы мұсылман-ұйғырлардың бәрін бірдей лаңкеске жатқызуға болмайтынын мәлімдеді. Бұл туралы AFP хабарлады.
«Түрік болсын, ұйғыр түрігі болсын, ханзу-қытай, буддист немесе христиан болсын… тек бір немесе екі лаңкес шыққан белгілі бір этникалық топқа жататынына бола, барлық ұйғыр түріктерін террорист деп тану дұрыс болмайды. Барлық ұйғырларды бір дінге және ұлтқа жататындықтан, қуғынға түсіру дұрыс емес», – деді журналистерге Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу.
Еске сала кетейік, Анкара өткен жылы «Қытайдың ұйғыр түріктеріне қарсы жүйелі түрде ассимиляция жүргізіп келе жатқанын» сынға алып, мұндай саясаттың «адамзат үшін үлкен ұят нәрсе» ретінде атап өткен болатын.
Сонымен бірге, мұсылман халқы көп елдердің, әсіресе, Ислам қызметтестігі ұйымы елдерінің Қытайда ұйғырлардың қуғынға түсіп жатқанына байланысты үн қатпай отырғандары сынға алынды.
Мұны аз десеңіз, 2019 жылғы ақпанда Сауд Арабиясы өз елімен жасалғалы жатқан ірі коммерциялық келісімге қол қойылар алдында Қытай лидері Си Цзиньпинге өзінің «зор құрметін» көрсетті. Египет болса, 2017 жылы өз инфрақұрылымын Бейжіңнің қаржыландыруына құштарлық танытқаны сондай, қытай полициясының ұйғырдың қуғынға түскен азаматтарын Каирге әкеліп, тергеулеріне болатынына дейін айтып салды.
Сондай-ақ БҰҰ мүшелері де ұйғыр мәселесіне келгенде бөлініп отыр. 2019 жылы Ұлыбритания бастаған 22 ел Біріккен Ұлттар Ұйымында Қытайдың өз елінде мұсылмандарды қамауда ұстап отырғанын айыптады. Алайда 37 ел Шыңжаңдағы терроризм мәселесінде Қытайды қолдап кетті. Бұлардың арасында Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірлігі, Пакистан, Кувейт, Катар, Оман, Сирия, Бахрейн, Ресей, Беларусь, Куба, Венесуэла, КХДР, Филиппин, Мьянма секілді елдер болды.
Мәселенің аты «ұйғыр» атанғанымен, бұл топқа бұдан басқа, сол жердегі қазақ, татар, қырғыз диаспораларының өкілдері де жатады.