Шешен қызы бірінші рет Бундестагқа депутат болды
ГРОЗНЫЙ. 20 ақпан. Бұдан үш күн бұрын Германия парламенті – бундестагқа тарихта бірінші рет шешен қызы Бела Бах (Бахаева) депутат болды. Бұл туралы «Грозный-информ» хабарлады.
Беланың ата-анасы Кеңес Одағы тарамай тұрып, 1990 жылы Германияға Шешенстаннан көшіп келген. Ол 1991 жылы бұрынғы ГДР жеріндегі Магдебург қаласында туған.
Беланың шын тегі – Бахаева. Талапты қыз 2010-2019 жылдары заң саласында білім алыпты. Ол 2007 жылы Германия Социал-демократиялық партиясы (СДПГ) қатарына қабылданады. Ал 2015 жылдан бастап партияның Мюнхендегі бөлімшесін басқарады. 2018 жылы Мюнхен университетінде заң саласы бойынша диссертация қорғайды.
Бела бұдан бұрын да бундестагқа депутаттыққа таласқан екен. Бірақ жолы болмайды. Бұл жолы ол депутаттық мандатты 1 ақпанда СДПГ бойынша әріптесі Мартин Буркерт өзінің мерзімін аяқтағасын алған.
Осыған байланысты баспасөз беттерінде Бела туралы алуан түрлі ақпарлар тарап жатыр. Мәселен, «Кавказский узелдің» жазуынша, Бахтың киім-киісі мен жүріс-тұрысы шешен әйелдерінің дәстүрлі үлгісіне ұқсай қоймайтыны Кавказдан шыққандарға ұнамай жатқан көрінеді. Бела елдегі әпке-сіңлілері сияқты жабық мұсылман көйлектерін кимейді. Оның Twitter-дегі суреттерінде ашық кофта, футболка және қысқа шорт киіп алған қыз тұр. Бах нағыз Германия әйелдері секілді сыра мен рейнвейн ішкенді ұнатады, сосиска мен шошқа етін жей береді.