Столтенберг Украинаның НАТО-ға мүшесі болатыны анық деді
БЕРЛИН. 21 сәуір. НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг бүгін Германиядағы Рамштайнда өткен жиыннан кейін альянс мүшелерінің Украинаны қолдайтынын айтты. Бұл туралы шетел баспасөзіне шолу жасаған rast.kz хабарлайды.
Йенс Столтенбергтің айтуынша, Солтүстік альянстың барлық мүшелері Украинаның мүше болуына қолдау білдіреді. Ол кездесуде Украинаның болашағы НАТО-да екенін мәлімдеді.
«Менің кеше Киевте айтқанымдай, Украинаның болашағы еуроатлантикалық отбасында. НАТО-ның барлық одақтастары Украинаның альянсқа мүше болғанына келісім беріп отыр», – деді Столтенберг.
Дегенмен, ол мұның мерзімін атай қойған жоқ. Алайда, НАТО-ның бас хатшысы бұдан бұрын мүшелік мәселесі РФ-ның Украинаға соғысы аяқталғаннан кейін көтерілетінін атап өткен болатын. Ол Украина президенті Володимир Зеленьскиймен әңгіме барысында екі маңызды мәселені алға тартты. Оның біріншісі Украинаның альянсқа мүше болу мүмкіндігіне, екіншісі Украинаны жаңа агрессиядан қорғауға арналды.
«Қазір ешкім де мына соғыстың қашан аяқталатынын ашып айта алмайды. Бірақ біз ол аяқталғаннан кейін оның бұдан кейін қайталануына жол берілмейтіндей етуге тиіспіз», – деді Столтенберг журналистерге.
Ол сондай-ақ НАТО-ның шілде айының ортасында Вильнюсте өтетін саммитіне украин лидері Володимир Зеленьскийдің қатысқалы тұрғанын растады.