Столтенберг: НАТО Украинаны мүшелікке қабылдау мәселесін талқылайды
КИЕВ. 20 сәуір. НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг бүгін Киевке келген сапары барысында альянс елдерінің Украинаны өз саптарына қабылдау жайын қарастыратынын айтты. Бұл туралы украин сайттары дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг альянсқа мүше елдердің Вильнюсте шілдеде өтетін саммитте Украинаны мүшелікке қабылдау және оның қауіпсіздігіне кепілдік беру мәселесін талқылайтынын мәлімдеді. Мұны ол Украина президенті Володимир Зеленьскиймен бірге баспасөз мәслихатын өткізген кездерінде сөз етті.
«Президент Зеленьский мүшелік пен қауіпсіздікке кепілдік беру мәселесін көтерді. Міне, осы мәселе кездесу күн тәртібіндегі маңызды элемент болмақ және НАТО осыған дайындалып жатыр. Украина өзінің болашағын еуропалық атлантикалық отбасынан таңдайды, Украинаның болашағы НАТО-да және бұған альянс мүшелері келіседі», – деді НАТО бас хатшысы.
Столтенберг сондай-ақ НАТО елдерінің назары Украинаға соғыс жағдайында қолдау көрсетуге бағытталып отырғанын әңгімеледі. Бұл мәселе Рамштайнда ертең өтетін формат пен Вильнюсте өтетін НАТО саммитінде талқыланатын болады.
«Украинаның заңды орны – НАТО-да. Уақыты келгенде біздің қолдау көрсетуіміз мұны мүмкін етеді», – деп атап өтті бас хатшы.
Йенс Столтенберг 20 сәуір күні күтпеген жерден Киевке ұшып келді. Ол сапар басында Киев облысындағы Буча қаласына ат басын бұрып барды. Ресей оккупанттарынан азат етілген қаланың қазіргі кейпі мәртебелі мейманды қатты ашындырды. Альянс басшысы мұндағы көргендерінің «жанын мейлінше тілгілеп жібергенін» айтты.
«Бас хатшыны ресейлік басқыншылар жасаған соғыс қылмыстары қатты теңселтіп жіберді», – деп жазды Telegram-да Бучаның мэрі Анатолий Федорчук.
Осыдан кейін Столтенберг Украинаны НАТО-ға қабылдауды мүмкіндігінше тездету жайын өзі қозғады.