Ресей тарих оқулықтарынан Киевтің атын шығарып тастауға кірісті
МӘСКЕУ. 20 сәуір. Ресейдің бастауыш сыныптарға арналған қоршаған әлемге қатысты оқулықтарынан Киев деген көне атауды алып тастауға кірісіп кетті. Бұл туралы ресейлік ресурстар деректеріне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Медиа-зонаның» баяндауынша, ежелгі Киев Русі тарихына арналған тараулардың бәрінен қазіргі украин елі байтағының аты алынып қалыпты. Мысалы, 2021 жылы шығарылған оқулықта келтірілген «Өткен жылдар туралы хикаят» («Повесть временных лет») жылнамасында Киев-Печер монастырінің монахы ретінде Нестор аталады. Ал осы оқулықтың биылғы жаңа нұсқасында Нестор жай монах болып атап өтіледі де, оның қайда тұрғаны айтылмайды.
Оқулықтың мұның алдындағы басылымының Русьтің шоқынуы туралы параграфында кінәз Владимирдің бүкіл Киев халқын шоқындырғаны жазылады да, жаңа басылымда қала тек «астана» деп көрсетіледі. Келесі бір жеріндегі бұрынғы «Киевте Олег өлгеннен кейін оны Игорь басқара бастады» деген сөйлем кейінгіде «Олег өлгеннен кейін Русьті кінәз Игорь басқара бастады» деп өзгертіп жіберіліпті.
Оқулықтың жаңартылған редакциясы басуға жіберіліп қойылған, жақын арада саудаға түседі. Сол сияқты Ресей тарихында Киевтің қандай рөл атқаратыны жайлы арнайы әдістеме құралы да дайындалып жатқан көрінеді.
Бұдан бөлек, 6-сынып оқушыларына арналған тарих оқулығында Русь мемлекетінің құрылған уақыты да қасақана өзгертілген екен. Оқулықтың 2016 жылғы версиясында «882 жылы Олег Новгород пен Киев халқын біріктірген кезді, көптеген тарихшылар Ежелгі Русь мемлекетінің құрылуының шартты мезгілі деп атайды» деп жазылған. Ал жаңа басылымда «Өздерінің тегін Рюриктен тарататын кінәздар әулеті біртіндеп мейлінше жоғары мәнге ие бола бастады. Оның 862 жылы Новгородқа келуін Русь мемлекетінің құрылуымен байланыстырады» деп атап көрсетілген.