Ресей мемлекеттік думасы Путинді ХҚС қамауынан қорғауды ұсынды
МӘСКЕУ. 19 сәуір. РФ мемлекеттік думасы Ресей диктаторы Владимир Путинді Халықаралық қылмыстық соттан сақтап қалу жобасын дайындады. Бұл туралы шетел ресурстары мәліметіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мемлекеттік дума депутаттары президентке Ресей азаматтарын халықаралық соттардың «әділетсіз» шешімдерінен сақтап қалу құқығын беруді ұсынады.
Президент өкілдігінің қауіпсіздігін қорғау жөніндегі ұсыныс 8-бапқа түзету енгізуді қажет етеді. Турасын айтқанда, депутаттар «шетелдік және (немесе) халықаралық органдар (ұйымдар) Ресей Федерациясының мүдделеріне және (немесе) Ресей Федерациясының көпшілік құқықтық тәртібі негіздеріне қарама-қайшы келетін шешімдер қабылдаған және (немесе) әрекеттер жасаған жағдайда» Ресей мен оның азаматтарын қорғау жөніндегі шараларды іске қосуды ұсынады.
Үстіміздегі жылғы наурыз айында Халықаралық Қылмыстық сот (ХҚС) Ресей президенті Владимир Путинді қамауға алу жөнінде ордер жазып берген болатын. Осыдан кейін парламенттің төменгі палатасының спикері Вячеслав Володин президентке «біздің азаматтарымызды халықаралық ұйымдардың кез келген әрекетінен қорғай алатын уәкілдік беруді» ұсынды.
Дүйсенбі күні осы түзетуді мемлекеттік дума қолдап шықты.
Бұдан бөлек, Ресей депутаттары қылмыстық жауапкершілік туралы заңға халықаралық ұйымдармен қызметтес болған ресейліктерді қылмыстық жауапқа тарту туралы бап енгізуді екінші оқылымда қолдады.