Мысыр Путинге ракета беруден бас тартып, Украинаға бет бұрды
КАИР. 19 сәуір. Мысыр билігі Кремльдің қару-жарақ жөніндегі өтінішін орындаудан бас тартып, Украинаны қаруландыруға шешім қабылдады. Бұл туралы шетелдер ресурстары мәліметіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мәскеудің Каирмен келісімге келіп, қару-жарақ алып тұру жөніндегі талпынысы сәтсіз аяқталды.
«Мысыр билігі өзі жыл басынан бері қарап жатқан Кремльдің қару-жарақ жөніндегі өтінішін орындаудан біржола бас тартуға шешім қабылдады», – деп жазды The Washington Post газеті Пентагонға сілтеме жасап.
Басылым атап көрсеткендей, Мысыр президенті Абдель Фаттах ас-Сиси (суретте) осыдан кейін бірден Украина армиясы үшін артиллерия снарядтарын дайындауға бұйрық берген.
Шешім наурыз айында АҚШ шенеуніктерімен жүргізілген келіссөзден кейін қабылданған. Мұны айғақтайтын құжаттар бар.
Ресеймен ертеден терең дипломатиялық қатынасы болғанына және сол елден үлкен көлемде астық пен қару-жарақ алып тұратынына қарамастан, Мысырдың Америкаға тәуелдігі бәрінен де басым, Каир Пентагоннан жыл сайын $1 млрд-тан астам әскери көмек алады.
Осыған байланысты Мысыр билігі АҚШ-ты таңдаған сияқты.