Украина Гаага сотының Путин жайлы шешімін қуана қарсы алды
КИЕВ. 17 наурыз. Гаага Халықаралық қылмыстық сотының Путинді қамауға алу жөніндегі ордерін Украина жұртшылығы көтеріңкі көңіл күймен қабылдады. Бұл туралы украин ресурстарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Ордердің берілуі енді РФ президентінің Рим статусына қол қойған елдердің территориясында тұтқынға алына беретінін білдіреді. Аталмыш статуста РФ-ның өзінен басқа, бұрынғы кеңес республикалары арасында Украина, Армения, Грузия, Қырғызстан, Латвия, Литва, Молдова, Өзбекстан, Тәжікстан және Эстония, сондай-ақ Кремльдің қабағына қарап отырған Венгрия, Венесуэла, Иран, Моңғолия, Судан, Эритерия секілді бірқатар елдер бар. Тек Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан және Түрікменстан мемлекеттері ғана бұл статусқа қол қоймаған екен.
Украина президенті офисінің басшысы Ондрий Ермак өзінің Telegram-каналында БҰҰ тарапынан жүргізілген тексерістің Украинадан 16 мыңнан астам баланың Ресейге әкетілгенін анықтағанын атап жазды.
«Бұл – әлі басы ғана», – деген ойын білдірді ол. Ұрланған балалардың саны бұдан да көп болуы ықтимал екеніне назар аударды.
Украинаның НАТО-дағы тұрақты делегациясының басшысы Егор Чернов өз кезегінде Гаага сотының шешімінен кейін енді Ресеймен арада ешқандай да келіссөз жүргізілмейтінін атап өтті. Осы орайда бітімгерлік миссиясымен 20 наурызда Мәскеуге келетін Қытай лидері Щи Дзиңпиң сапарының да ешқандай мәні мен мағынасы болмайын деп тұр. Бұдан арғы таңдау – Ресей элитасында. Олар не Путинді Халықаралық сотқа ұстап береді, не сол сотта онымен қатар үкім тыңдап тұрады.
Украина сыртқы істер министрі Дмитро Кулеба да «халықаралық қылмыскерлердіғ балалар ұрлағаны және басқа да қылмыстары үшін жауапқа тартылатынына» сенім білдірді.
Украина Қарулы күштерінің сапері, блогер Юрий Гудименко сот шешімінің Ресей үшін әкелетін зардаптарын тізіп шығыпты. Ол мына жайттарға назар аударады.
«1. Егер бұған дейін шетелдік лидерлер мен дипломаттар Путинмен әлдеқандай бір байланыстары болып келген болса, енді ол қатынас барынша қысқарады. Мысалы, Макронның немесе Шольцтің кезекті мәрте Кремльге қоңырау шалып, Путинді бейбіт келісімге көндіргісі келіп жатқан кезін көзге елестетіңізші. Ол болмайды енді. Бітті.
- Путиннің паранойясы тіпті қаттырақ жарқырап көрінеді. Енді оның бар тілегі өзінен билікті алып қойғысы келетіндердің бәрін жойып жіберу болады. Оған Слободан Милошевичтің тағдыры жақсы таныс. Олай болса, Пригожин мен оның компаниясын небір қолайсыз оқиғалар күтіп тұрған шығар», – деп ойын жинақтады блогер.
Ескерту!
rast.kz сайтының кез келген материалын редакцияның арнайы рұқсатынсыз көшіріп алып жариялауға тыйым салынады. Плагиат жасаушы «Авторлық құқық туралы» Заңға сәйкес қудаланады.