АймақЖаңалықтар жаңғырығы

Премьер-министр: Алматының сейсмикалық қауіпсіздігін тексеру керек

АЛМАТЫ. 12 наурыз. Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов Төтенше жағдайлар министрлігіне Алматы әкімдігімен бірлесіп қаланың сейсмикалық қауіпсіздігін аудиттік тексеруден өткізуді жүктеді. Бұл туралы Үкімет сайтына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.

Премьер-министр Әлихан Смайылов кеше Алматыға жұмыс сапары барысында қаланы одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Үкімет басшысы баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеңесте қазіргі ахуал, өнеркәсіп, көлік инфрақұрылымы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, медицина жүйесі, білім беру және тағы басқа салаларды дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар мен жоспарлар туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан, Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев баяндама жасады.

Премьер-министр жиында сейсмикалық қауіпсіздік мәселелеріне айрықша көңіл бөлді. Ол жақында Түркия мен Сирияда болған табиғи апаттар біздің еліміз үшін, әсіресе, Алматы үшін үлкен сабақ болуы тиіс екенін атап өтті.

Смайылов соңғы рет қаладағы нысандарды паспорттау 2017 және 2018 жылдары жүргізілгеніне тоқтала келіп, бұл саланы тағы тексеру керек екенін еске салды. Осының ыңғайында енді Төтенше жағдайлар министрлігі мен қала әкімдігі бірлесіп, қысқа мерзімде аудит жүргізіп, сейсмикалық қауіпсіздікті күшейту жөніндегі пәрменді шараларды іске асыруға тиіс.

«Бұл мәселелерде әлемдік тәжірибені тек Алматыда ғана емес, еліміздің жер сілкінісіне ұшырауы ықтимал басқа да өңірлерінде де пайдалану қажет. Уәкілетті мемлекеттік органдар бұған дейін алынып тасталған жобалау, құрылыс және бақылау үдерістерін заңнамалық тұрғыда қатаңдату мәселесін шұғыл түрде қарастыруы керек», – деді Үкімет басшысы.

Оның пікірінше, қалада құрылыс жүргізу саясатын жақсарту қажет, әсіресе, Алматының 2040 жылға дейін бас жоспары жобасын талқылау барысында бұл басты назарда тұруы тиіс.

«Әкімдік қала құрылысы кезінде әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша жіберілген қателіктерді ескеруі керек. Сондай-ақ тарихи-мәдени мұраны сақтай отырып, құрылыс нысандарының биіктігі мен тығыздығына ерекше назар аудару қажет», – деді Әлихан Смайылов.

Премьер-министр сөзінің соңында қаланың экологиялық проблемаларын шешу жөніндегі шараларды кешенді түрде жүзеге асырудың және Алматы агломерациясын дамыту жоспарын жедел пысықтаудың маңыздылығына тоқталды.

 

Ескерту!  

rast.kz сайтының кез келген материалын редакцияның арнайы рұқсатынсыз көшіріп алып жариялауға тыйым салынады. Плагиат жасаушы «Авторлық құқық туралы» Заңға сәйкес қудаланады.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button