Жаңалықтар жаңғырығыҚоғам

Блинкен: Қазақстан мен Орта Азия елдері Путиннің ығында кетпейді

ВАШИНГТОН. 1 наурыз. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Қазақстан мен Орталық Азияның басқа мемлекеттері Путиннің шылауында жүре бермейтінін атап өтті. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.

Ақ үйдің өкілі өзінің Астана қаласына сапарының өте сәтті де табысты өткенін білдіріп, Қазақстан мен Орталық Азияның басқа елдерінің бұдан әрі РФ президенті Владимир Путиннің «шыбығына төзіп, шылауына кіріп, шылбырын есіп» жүре беруге құлықты емес екенін жалпақ әлемге жар салып айтты.

Осы қуанышын жеткізгісі келген Блинкен Twitter-дегі парақшасына жазған жазбасын таза қазақ тілінде: «Қайырлы күн, Қазақ елі!» деп бастады. Әлбетте, мұнысы оның Қазақстан Президентінің аты-жөнінің өзін бірде «Кемел Жемелович», тағы бірде «Кемел Жомартович» деп, сан мәрте қасақана бұзып айтып келген көрші елдің лидерінен адамгершілігі де, өресі де әлдеқайда артық екенін көрсететін фактор еді. Ал бұдан әрі Энтони Блинкен: «АҚШ Қазақстанмен кең ауқымды стратегиялық әріптестік орнатқанын мақтан тұтады», – деп шабыттана жазды. Астамшылық та, өктемдік те, қиқарлық та, қоқан-лоққылық та жоқ.

«Ұлық болсаң, кішік бол» деген осы.

АҚШ Мемлекеттін хатшысы Энтони Блинкен екі жақты ынтымақтастықты нығайту мен кеңейту үшін осының қарсаңында Астанаға келіп қайтып еді. АҚШ-тағылар сондай-ақ елдің территориялық тұтастығын құрметтейтіндерін және қолдайтындарын мәлімдеді.

Кеше, 28 ақпан күні Блинкен Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің басшысы Мұхтар Тілеубердімен кездесу өткізді. Онда нендей әңгіме қозғалғанын Ақ үйдің өкілі Twitter-де жазды. Ол көптеген саясаткерлердің ұдайы өз елінің немесе басқа бір елдердің территориялық тұтастығы мен егемендігі жайлы мәселе көтеретінін мойындады. Бірақ әлемдегі соңғы оқиғалар «мұның өз себептері» бар екенін танытты. Осылайша, Мемлекеттік хатшы Украинадағы оқиғаларға сілтеме жасады.

Бұдан кейін Блинкен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен терең мазмұнды әңгіменің желісін тарқатты.

Әлі толық анықталмаған әрі нақтыланбаған мәнбелер негізінде әлеуметтік желіде мынадай деректер де тарап жатыр. Мәселен, журналист Оңғар Қабден мынадай ой тарқатады:

Бірінші. Энтони Блинкен Қазақстанның Украинаға байланысты ұстанып отырған позициясына байланысты Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтыпты. «Ресеймен тығыз қарым-қатынастағы елсіздер. Соған қарамастан, Украинаға қатысты ұстанып отырған позицияларыңыз дұрыс. Біз бәрін түсінеміз» депті ол.

Екінші. «Орталық Азия бойынша Зеленьскиймен қарым-қатынас орнатып, телефон шалып, байланысып отырған жалғыз ел – Қазақстан. Сол қолдауыңыз үшін рахмет».

Үшінші. «Қазақстанға ешқандай санкция салынбайды. Керісінше, біз осы елге біраз инвестиция құюға дайынбыз» депті. Бұған қоса, Ресейге салынған санкция салдарынан келгін шығындар орнын толтырып беруге де ықылас танытыпты.

Энтони Блинкен бұдан кейін Орталық Азия елдері сыртқы істер министрлерімен кездесті.

Бұдан кейін Ташкентке ұшып кетті.

Сол аралықтарда түйген тұжырымдарын ол әлеуметтік желі арқылы жаһанға таратып үлгерді.

АҚШ Мемлекеттік хатшысының Астанаға жасаған бір күндік сапарының қорытындысы қазақстандықтардың көкейінде ертеңгі күнге деген үміт отын жандырып, сенімге серпін бере түсті.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button