АҚШ Путиннің мәлімдемесінен соң «Қиямет күні» ұшағын Еуропаға әкелді
ВАШИНГТОН. 1 наурыз. АҚШ Ресей президенті ядролық қару жөніндегі келісімшартты бір жақты бұзғасын, E-6B Mercury әскери ұшағын шұғыл түрде Исландияға жеткізді. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.
«Қиямет күні кемесі» атанған ұшақ АҚШ Әскери-теңіз күштері командалық бекетінің функциясын атқарады, сондай-ақ баллистикалық ракеталары бар сүңгуір атом қайықтарымен байланыс жүйесін қамтамасыз етуге арналған.
Вашинтон Ресей Федерациясының Стратегиялық шабуылдаушы қару-жарақ туралы (СШҚ) келісімшартты тоқтатуы мен ұдайы ядролық қару қолдану ыңғайында қоқан-лоққы жасай беруі салдарынан Еуропаға өзінің «Қиямет күні кемесін» шұғыл жіберуге шешім қабылдады. Ол қазір Рейкьявикке келіп те қойды.
E-6B Mercury ұшағын Американың Boeing компаниясы 1987 жылы жасап шығарған. Ол 1989 жылдан бастап қолданыста келеді. Жалпы саны осындай 16 ұшақ өндіріске енгізілген. Лайнер Ohio класты сүңгуір кемемен байланыс ұстап отырады. Сүңгуірдің бортында ядролық оқ-заряд алып жүретін Trident II D5 текті 24 ракета болады.
Сарапшылар Вашинтонның мұндай қадамға 28 ақпан күні Владимир Путин Стратегиялық шабуылдаушы қару-жарақ туралы келісімшартты тоқтату туралы жарлық шығарғаннан кейін барып отырғанына еш күмәнданбайды.
НАТО мен Ақ үйдегілер Путиннің мұнысын «үлкен қателік» деп бағалады. Ал Кремльдегілер мұндай қадам жасалуына Ресейдің көптеген сәтсіздіктеріне себепкер болып отырған АҚШ кінәлі деп шығарды.
Кремльдің «бас алкоголигі» Дмитрий Медведев өзінің сондай бір «алабұртып» тұрған шағында «Ресейсіз әлемнің бізге де керегі жоқ» деп соқты.
Әлемде державалар арасында ядролық текетірес енді басталып келе жатқан сияқты.