Медведевтен кейін Путин де Ресейдің ыдырауы жөнінде сөз қозғады
МӘСКЕУ. 27 ақпан. РФ президенті Владимир Путин Украинадағы соғыс фонында Ресейдің тарауына орай айтылып жүрген әңгімелерді өзінің пайдасына жаратуға күш салып бақты. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.
Диктатор ресейліктерді Ресей Федерациясының ыдырау келешегімен қорқытып, оларды өзімен бірге болу үшін топтастыру түскісі келетінін байқатты.
Кремль соңғы күндері РФ-дағы батысқа қарсы көңіл күй әуенін бұрынғыдан бетер мақсатты түрде кеңінен қыздыра түсуде.
Путин өзінің насихаттық бағыттағы «Россия 1» телеарнасына берген сұхбатында Ресейді бөлшектеп жіберуге ұмтылып отыр-мыс деп, Батысты айыптады.
Сұхбат 26 ақпан, жексенбі күні таңертең эфирге шықты.
«Олардың бір ғана мақсаты бар, ол – бұрынғы Кенес Одағы мен оның негізгі бөлігі – Ресей Федерациясын таратып жіберу. Сосын, мүмкін, олар өркениетті елдер отбасысы деп аталатындарға бізді қосып алатын шығар, бірақ біртіндеп, әр бөлікті бөлек қосады… Осы бөліктерді бағындырып алып, өздерінің бақылауына қою үшін», – деп мәлімдеді диктатор.
Ол осыдан кейін «орыс халқы» деген топтың біржола жоғалып кететінін, оның орнына «московиттер» немесе «оралдықтар» деп аталатын субэтникалық топтар пайда болатынын айтып сендірді.
Путиннің сөзіне қарағанда, мұндай жоспар «қағазға түсіріліп қойылыпты»-мыс. Алайда диктатор оның қандай қағаз екенін анықтап айта қоймады, сірә, оның не екенін өзі де білмейтін шығар.
Тағы бір айтатын жайт, Украинаға қарсы соғыста жеңілістен көз ашпай келе жатқан Путин қазір көрінген жерде барынша ақталуға дағдыланып алыпты. Ол, атап айтқанда, былтыр 24 ақпан күні таң азанда өзінің бұйрығымен Ресей армиясының орасан зор адам және техника күшімен бір мезгілде Украинаның төрт бірдей облысына басып кірген фактісін жоққа шығарып, бұл соғысқа айдаладағы Батысты кінәлі етіп қойғысы келеді.
Дүниетанымының өзі дүдәмал диктатордың бұл су жаңа мәлімдемесіне түсіндірме берген ресейлік саяси технолог Станослав Белковский «бункердегі көсемнің» осылайша соғыстағы жеңілісін насихат жолымен жеңіс етіп көрсеткісі келетінін келеке етеді. Ол енді РФ-ның күйреуден аман қалуын халыққа агрессияның жетістігі ретінде ұсынбақшы болып отыр. Соған дейін Ресейге ешқандай қауіп-қатер төнбегенін ешбір қаперіне алғысы келмейді. Ешкімнің өз отанын өзге елдің жеріне барып қорғамайтынында да шаруасы жоқ.
«РФ президенті өзінің басты тарихи еңбегін осылай атап көрсетті. Ол бәрінің алдын алып, РФ-ны (сөзсіз) бөлшектеніп кетуден сақтап қалыпты-мыс. Айтқалы отырғаны осы»,. – деп жазды Белковский.
Айта кету керек, Ресейді ыдырау күтіп тұрғанын мұның алдында РФ қауіпсіздік кеңесі төрағасының (Путиннің) орынбасары, Кремльдің «қаршығасы» Дмитрий Медведев те сөз етіп еді. Ол егер Ресей Украинаға қарсы соғыста жеңіліс тапса, әлемнің саяси картасынан РФ-ның да жоғалып кететінін мәлімдеген болатын.