Қытай әлден Ресейдің Қиыр Шығыстағы жерлеріне көз сала бастады
БЕЙЖІҢ. 27 ақпан. Қытай Ресей Федерациясының территориясындағы Хабаровск және Владивосток қалаларының қытайша атаулары жазылған карта басып шығарды. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.
Атап айтқанда, ханзу тіліндегі картада Хабаровск – «Боли», Владивосток «Хайшэньвай» деп атап көрсетілген.
Осы картаға қарағанда, Ресей территориясындағы бірқатар қалалар мен жерлердің қытайша топонимдері қайта оралып жатқан сияқты.
Ресей оккупациялық армиясының Украина территориясындағы сәтсіздіктері салдарынан кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында саяси сарапшылар мен аналитиктердің соғыс қорытындысы бойынша РФ мемлекет ретінде қазіргі қалпын сақтап қала алмайды, ол бірнеше жаңа мемлекеттік құрылымдарға ыдырап кетеді деген пікірлері жиі көріне бастады.
Шамасы, Қытай мұндай сценарийге шынымен малданып, жақын болашақта болып қалуы мүмкін өмір көріністеріне қазірден әзірленіп жатқан сияқты. Қытай медиасы Ресей территиясындағы сегіз қала мен жер аттарының бұрынғы қытайша атаулары қалпына келтірілген карталарды ҚХР табиғи ресурстар министрлігінің авторлығымен қайта шығара бастады. Әңгіме Ресей империясы XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында басып алған байырғы Қытай территориялары хақында болып отыр.
Міне, осылайша Қытайдың ең соңғы карталарында Владивосток – «Хайшеньвай», Хабаровск – «Боли», Сахалин аралы – «Куэдао», ал Сословный жотасы «Сыртқы Синьган жотасы» түрінде көрініс беруде.
Осы ретте бұқаралық ақпарат құралдары Қытай әскерлерінің Апиын соғыстарындағы жеңілістері нәтижесінде 1858 және 1860 жылдары қол қойылған Айгунь және Бейжің келісімшарттарына сәйкес Амур және Уссури өзендері бойындағы Ресей – Қытай шекарасының белдеулері Ресейдің пайдасына қарай өзгертілгенін еске салып жатыр. Қорытындысында Қытай қазір «Ішкі Маньчжурия» деп аталатын 1 млн шаршы шақырымдық жерінен, сондай-ақ Жапон теңізіне шығатын мүйісінен айрылып қалған.
Еске сала кетейік, Қытай бірер күн бұрын өзінің Украинадағы соғысты аяқтау жөніндегі 12 тармақтан тұратын «бейбіт жоспарын» жариялады. Ол бір жағынан мемлекеттің егемендігі мен территориялық тұтастығын сақтауға шақырса, екінші жағынан «оқ атуды жедел тоқтатуды», яғни Украина территориясынан Ресей әскерлерін алдын ала шығармай тұрып соғысты аяқтауды ұсынады.
Украинаның бұрынғы сыртқы істер министрі Павел Климкин Қытайдың инициативасын «көптеген тұзақтар құрып тасталған өте сақ мәтін» деп атап, қазіргі әңгіме Бейжіңнің кең ауқымды «ойындағы» белді ойыншылардың бірі болуға ұмтылып отырғаны жайлы болып тұрғаны мәлімдеді.