РФ-ның соғыста қираған танктері шетелдегі елшіліктері алдына қойылуда
БЕРЛИН. 25 ақпан. Ресейдің Украинада атып түсірілген танктері РФ-ның Еуропадағы шетелдік елшілері ғимараттарының алдарына қойылып жатыр. Бұл туралы Deutsche Welle хабарлады.
Осы күндері Ресейдің Берлиндегі елшілігі алдында РФ Қарулы күштерінің Украинада жойылған Т-72 танкісінің қаңқасы пайда болды. Акция инициаторларының Deutsche Welle тілшісіне берген жауаптарында аталмыш танк 2022 жылдың көктемінде Киев түбіндегі Дмитровка селосына жақын жерде атып түсірілгені айтылған.
«Қираған танк – күйреудің белгісі. Украина енді Путиннің Сталинграды атанады», – деді «Берлин бункері» музейінің кураторы Виланд Гибель Ресей әскерлерінің Украинадағы жағдайын Екінші дүниежүзілік соғыстағы нацистік армиямен салыстыра тұрып. Ол мына танктің Германияға Украина Қорғаныс министрлігі мен Украина ұлттық әскери-тарихи музейінің өзара келісімдері арқылы берілгенін жеткізді.
Т-72 танкісі Берлиндегі Шадовштрассе көшесі мен Унтер-ден-Линден бульварының қиылысқан жеріне орналасқан. Енді ол алдағы дүйсенбіне дейін осында тұрады.
2022 жылдың маусым айында белсенділер танкті елшілік алдына қоюға әрекет жасаған еді. Олар осыған орай Берлиннің Митте ауданының әкімшілігіне өтініш білдірген. Онда билік қираған техниканы «төрге» қоюдың ыңғайсыз екенін алға тартқан..
Тағы бір қираған Т-72 танкісі Ресейдің Латвиядағы елшілігі үйінің алдындағы Кронвалд паркінде үш күн тұрады. Ол 2022 жылы наурызда Бучада атып түсірілген екен.
Ресейдің үшінші қираған танкі Вильнюстегі Кафедра алаңында 16 наурызға дейін тұрады. Қорғаныс министрі Арвидас Аншаускастың айтуынша, «Ресей танкілерінің бәрі осылай украин трофейлеріне айналдырылуы тиіс».