«Странджа-2023»: Қазақстанның екі боксшысы – жартылай финалда (видео)
СОФИЯ. 25 ақпан. «Странджа Кубогы-2023» халықаралық турнирінде түнде ойналған ширек финалдық шайқастар нәтижесінде екі қазақ боксшысы жартылай финалға шықты. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Бірден айта кететініміз, бізден ширек финалға дейін үш спортшы жеткен болса, солардың үшеуі де өзбек боксшыларымен қолғап түйістірді. Осы ішкі тартыста қазақстандықтар 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Рингке бірінші болып 57 килоға дейінгі салмақтағы Оразбек Асылқұлов шықты. Ол Азияның соңғы чемпионатындағы алтын жүлдегері Абдумалик Халоковпен жұдырық сілтесті.
Шынын айту керек, Халоков Өзбекстанның титулы көп белгілі боксшыларының бірі еді. Ол 2018 жылы жастар арасында әлем чемпионы атанған, сол жылы өткен жасөспірімдер Олимпиялық ойындарының чемпионы, ал 2022 жылы Амманда ересектер арасында чемпион болған. Оның есебінде сондай-ақ 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс медалі, Азияның сол жылғы қола медалі бар.
Ал мұндай атақтары жоқ Асылқұлов біздің құраманың өзінде екінші нөмірлі боксшы болып саналады.
Соған қарамастан, кездесу өте тартысты өтті. Екі спортшы да аянып қалған жоқ. Мұнда бәрібір Оразбектің артықшылығы байқалып тұрды. Нәтижесінде ол төрешілердің шешімімен 4:1 есебімен сенсациялық жеңіске жетті.
Бұдан әрі біз 75 килоға дейінгі салмақтағы Нұрқанат Райыс пен Алохон Абдуллаевтың жекпе-жегін көрдік. Онда біздің жігіт 4:1 есебімен ұтып шықты. Алайда ол үшінші раундта екі рет нокдаунға түсіп қалды. Қуаныштысы, олар қорытынды нәтижені өзгерте алмады.
Бізден бұл күні жеңіліске ұшыраған 80 килоға дейінгі салмақтағы Бекзад Нұрдәулетов болды. Оның Жасурбек Юлдашевпен кездесуі аса тартысты өтті. Дегенмен, сәл артықшылықпен (3:2) жеңіс өзбек боксшысының қанжығасында кетті.
Осымен Оразбек Асылқұлов пен Нұрқанат Райыс кемінде қола медаль алуды қамтамасыз етті.