Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Өзбекстандық қазақ 5-ші рет Азия чемпионы атанды

ТАШКЕНТ. 19 ақпан. Өзбекстандық қазақ жігіті Елмұрат Тасмұратов Азияның грек-рим күресі бойынша біріншілігінің алтын медалін бесінші рет жеңіп алды. Бұл туралы Sputnik хабарлады.

Құрлық чемпионаты 18 ақпаннан бері Үндістанның астанасы – Нью-Дели қаласында өтіп жатыр.

Біріншіліктің бірінші күнінде қарсыластарының бәрін бет қаратпай жеңген Тасмұратов финалда кореялық Жинг Су Сонды да тізе бүктірді.

Елмұрат Зұлпыхарұлы Тасмұратов 1991 жылы 12 желтоқсанда Ташкент облысының Бостандық ауданында туған. 2004 жылы Түркістан қаласына келіп, 4 жыл Бекзат Саттарханов атындағы мектеп-интернатта оқыды. Кейін Қазақстан құрамасына үміткер болып қабылданды. Бірақ 2008 жылы Дәулет Тұрлыхановтың турнирінде ұтылғаннан кейін бұл саптан шығып қалды. Осыдан соң Өзбекстанға қайта оралды. Ол 2012 жылы Лондон Олимпиялық ойындарына қатысып, 16-орын алды. Ал 2013, 2014 жылдары Азияның қола медаліне қол жеткізді. Бұдан кейін 2015, 2016, 2017, 2018 және 2020 жылдары құрлық чемпионы атанса, 2019 жылы күміс жүлдені қанағат тұтты. Бұдан бөлек, 2016 жылы Рио Олимпиялық ойындарынан қола жүлде алып қайтты.

Нью-Делидегі чемпионатта Қазақстан құрамасы осы кезге дейін 1 алтын, 3 қола медаль жеңіп алып отыр. Алтын медальды Тамерлан Шадукаев (77 кг), қола медальды Қорлан Жаханша (55 кг), Азамат Қыстыбаев (87 кг) және Мансур Шадукаев (130 кг) еншіледі.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button