Тергеу оқшаулағышына есірткі өткізбек болған адам ұсталды

ҚЫЗЫЛОРДА. 18 ақпан. Қызылордада тергеу оқшаулағышына есірткі затын айран құйылған ыдыстың ішіне салып өткізбек болған азамат қолға түсті. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Құқық қорғау органдары қызметкерлері тәркілеп алған зат «кептірілген марихуана» болып шықты
«Қызылорда қаласындағы ЗК-169/1 мекемесінің режим және күзет бөлімінің қызметкерлері сотталғандарға тыйым салынған заттарды мекеме аумағына өткізбек болған адамның қулығын әшкереледі. Қамауда отырған азаматқа сәлем-сауқат жібермек болған танысы 1 литр ыдысқа құйылған айранның ішіне пакетке оралған 2 дана полиэтилен өткізбек болған», – делінген хабарламада.
Сот сараптамасының қорытындысы бойынша, тәркіленген заттың «кептірілген марихуана» екені анықталды.
Қазір аталған фактіге байланысты Қылмыстық кодекстің 297-бабы, 1-бөлігі (есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.




