«Странджа-2023»: Бүгінгі күнгі көрсеткіш – екі жеңіс, екі жеңіліс (видео)
СОФИЯ. 22 ақпан. Болгарияның астанасы – София қаласында бүгін халықаралық «Странджа Кубогы-2023» турнирінің 1/8 финалдық шайқастары жалғасты. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Соңғы кездері көкжиектен ығысып қалған Германияның Галле қаласындағы халықаралық жарыстың орнына «кіші әлем чемпионаты» атанып жүрген «Странджа» турнирі жылдан-жылға өзінің беделін арттырып келеді.
Доданың үшінші күні қазақстандықтар сапынан рингке төрт боксшы көтеріліп, олардың екеуі жеңіске жетсе, екеуі жеңілістің ащы дәмін татуға мәжбүр болды.
Енді бәрін ретімен баяндайық. Шаршы алаңға біздің қосыннан бірінші болып шыққан 60 килоға дейінгі салмақтағы Ерасыл Таңқай күтпеген жерден филиппиндік Пол Джулайфер Басконнан ұпайлар бөлісі негізінде ұтылып қалды. Бұдан кейін өзбек Мужибулло Турсуновпен принципті бәсеке өткізген Ертуған Зейнуллинов төрешілердің бір ауызды шешімімен жеңіліс тапты.
Сонан соңғы екі саңлағымыз да қуантты. Әуелі 75 килоға дейінгі салмақтағы Нұрқанат Райыс (суретте) австралиялық Доминик Молинаромен кездесті. Шайқас түгелімен біздің боксшының басымдығымен өтті. Төрешілер де мұны тура бағалады, есеп – 5:0. Сөйтіп, Азия чемпионатының күміс жүлдегері біздің командадан бірінші болып ширек финалға қадам басты.
Ал 92 килодан ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев нидерландтық Стэн Бертенспен жекпе-жегіне басынан тыңғылықты дайындықпен келгенін байқатты. Ол уақыт ұзаған сайын өзінің басымдығын еселей түсіп, қарсыласын тығырыққа тірей берді. Ақырында екінші раундта бәсекелесін терең нокаутқа жіберді.
Ертең, 23 ақпан күні ширек финалдық шайқастар басталады. Бұл күні 48, 54, 60, 67, 71, 86 килоларға дейінгі және 92 килодан ауыр салмақтардағы былғары қолғап шеберлері жартылай финалға шығу үшін күреседі.
Аталған салмақтарда бізден Бекзат Алдамжаров (54 кг), Ерасыл Таңқай (60 кг) жарыс жолынан шығып қалған. Ал 71 килоға дейінгі салмақтағы Асланбек Шымбергенов турнирдің басталуына 5 күн қалғанда, ескі жарақаты сыр беруіне байланысты жолға шыға алмаған.
Бұлардан басқа салмақтардағы 4 жігітіміз ертең шаршы алаңға шығады. Олардың да үшеуі өзбек бауырларымызбен бақ сынасқалы тұр. Атап айтқанда, Ернұр Қайрат (48 кг) грузин Лука Кублашвилимен беттессе, Темірхан Тезек (67 кг) – Бекзод Хамидовпен, Бекзат Таңатаров (86 кг) – Шохжахон Абдуллаевпен, ал Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг) Баходир Жалоловпен ұстасады.
Ширек финалдың қалған салмақтардағы (51, 57, 63,5, 75, 80, 92) жекпе-жектері 24 ақпанда аяқталады. Жартылай финалдық ұрыстар 25 ақпанда өтсе, финалдық бәсекелер 26 ақпан күні ойналады.