Жаңалықтар жаңғырығыТаным

ҚҰС ЖОЛЫНДАҒЫ КЕРУЕН

Баяғыда, бала кезімізде түнде есіктің алдындағы сәкіге жатамыз. Ұйқы бірден келе қоймағасын, бір үйдің үйелменді-сүйелменді үш-төрт баласы масахананың арғы жағынан көрініп тұрған аспанның айдынына қараймыз, жымың қағып тұрған жұлдыздарды санаймыз. Көк зеңгірдің жүзінен әуелгі көрінетін Темірқазық пен Жеті қарақшыны жатқа білеміз, олар жайында үлкендерден естіген аңыз-әңгімелерді жарыса сан қайталап айтып шығамыз. Кейде түн ортасы ауа оянып кетсек, көктің кеңістігін көсіле жайлап жататын Құсы жолы шоғырын да көріп қаламыз. Тап төбемізде тегендей төңкеріліп, аспанның алпарын қақ жарып, жарқырап жонданып жатқан шаңдақтағы жол іспеттес келенің өзі керемет әдемі көрінеді. Ол жапан түзді, жазық далалы сахараның төсінде ақырын жылжып бара жатқан іркес-тіркес шұбатылған керуенге, дулы думанға толы келелі көшке ұқсайды.

Ал қазақтың Құс жолы жөніндегі ертегі-аңыздарының жөні мүлдем бөлек. Олардың дені аталмыш ақ сүңгі белестің ұдайы бір ендікті еншілеп жататыны жайынан өрби жөнелетін. Ол шынында теріскейден – түстіктікке, оңтүстіктен солтүстікке жылына екі мәрте әрлі-берлі қатынайтын құстардың үйірлеріне жол көрсетіп жүретін шамшырақтар шоғыры сияқты болып, жылдың төрт мезгілінде де еш өзгермей, бір белдеудің беткейін бойлап тұра беруші еді. Ата қазақ есепшілері бағзы замандарда-ақ осы беларанға байырқалай қарап тұрып, ертеңгі күннің ауа райы қандай болатынын батыл болжай берген көрінеді. Бұл шоқтай шоғырдың оттай ерекше екендігі сондай, халқымыздың тіл өнерінде «құс жолындай сайрап тұр, төбеде жұлдыз қайнап тұр», «құс жолы жұлдызы жарық болса, мал отқа қарық болады», «құс жолы жұлдызындай ақ бауыр» деген тәрізді сөз тіркестері де кездеседі.

Мен кейде бүткіл Сыр бойына есім-сойы етене таныс, ерекше жақын Арғынғазы Садықұлы Садықовты тап осы Құс жолына ұқсатамын. Себебі, ол өз дәуіріндегі бір ұлы көштің бастаушысы болды, соңынан қаншама ұстаздар тобы мен шәкірттер легін ілестірді, тіршілігінде қалай өзін қоршаған айнала жұртқа үлгі бола білсе, бақилығында да дәл сондай өнегелік қасиетін сақтап қалды. Мынау жарық дүниенің жалпағында 86 жыл өмір сүріп, тіршіліктің дәмін татқан Арғын Садықов ағамыз өзінің саналы өмірін түгел дерлік халық шаруашылығы саласына қажетті орта буын мамандар даярлауға арнады. Ол табиғатынан парасатты педагог, айдарлы ақылшы-ұстаз, жаратылысы бөлек жарамды жолбасшы еді.

Арғынғазы ағамыз – туа-бітті Қызылорда қаласының тумасы. 1937 жылы 19 ақпанда ежелгі Ақмешіт жерінде дүниеге келген оның бал дәурен балалық шағы осы шаңдақты шаһардың табанында шапқылап ойнаумен, талмай білім алумен, ілгері күндерге ұдайы ұмтылумен өтті. Жалындаған жастық кезеңінің де басым бөлігі дария жағасындағы дархан қаланың төсінде дүбірледі. Мұның жалғасы ұзақ жылдарға созылған жемісті де жетістікті оқытушылық, тәлімгерлік, басшылық құзыреттерде өрбіді, ақыр соңы қадірменді қариялыққа, абыройлы ардагерлікке, абыз ақсақалдыққа ұласты.

Бұған Арғынғазы ағамыздың өмір жолдары басынан дұрыс қаланғаны да айтарлықтай негіз болды. Ол алдымен қаладағы таңдаулы оқу ордаларының бірі – В.И. Ленин атындағы №2 орыс орта мектебін 1954 жылы алтын медальмен бітірді. Сосын сол жылы Мәскеудегі Ауыл шаруашылығы және электрификация институтына оқуға түсті. Кремльді қаладағы белді жоғары оқу орнында бірден үздік оқитын студенттер сапына қосылған ағамыз көп ұзамай белсенді тәліптердің де қалың ортасында жүрді. Сол себептен де ол 1957 жылы Мәскеуде өткен Бүкіләлемдік жастар мен студенттер фестиваліне дайындық жүргізуді ұйымдастырушы топтың алдыңғы қатарынан табылды. Сол жылы 28 шілдеде сөреден шығып, 11 тамызда мәреге жеткен жаһандық жастар форумы, өзінің тарихындағы ең ауқымды – дүние жүзінің 131 елінен 34 мың адам қатысқан шапағатты шара Арғын ағамыздың жадында өшпестей болып жарқырап, жақсы әсерімен қалды. Әсіресе, думанның жабылу рәсімі ұзақ жылдар бойы есінен шықпай қойды. Сол кеште Владимир Трошин мен Эдита Пьеханың қосылып шырқауымен бірінші рет айтылып, жүр-дүниеге кең тараған әйгілі «Подмосковные вечера» әні кереметтей әсер етті. Осының бәрі Арғынғазы ағамыздың өмірге деген көзқарасына көп келелі өзгерістер енгізіп, кемел келешекке деген сенімін арттыра түсті. Ол өзінің жас кезіндегі өмірлік белестерінде осындай шадыман шақтардың болғанын зор мақтан тұтумен өтті.

Иә, бұл расында екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бақ еді. Сондықтан 1959 жылы институтты «инженер-механик» мамандығы бойынша бітірген Арекең Мәскеуден елге оралған бойда жұмысқа зор ынтамен кірісті. Ол әуелгі еңбек жолын Сырдария машина-сынау станциясында (МИС) аға инженер болудан бастады. Бұдан әрі қызмет сатысы станция зертханасының меңгерушілігінен бас инженер дәрежесіне дейінгі өсу жолдарын қамтыды.

Арғынғазы ағамыздың өмір жолы 1964 жылдың жазында мүлде жаңа арнаға түсіп кетті – осы оқу жылында Қызылорда гидромелиоративтік техникумына механизация бөлімінің меңгерушісі болып қызмет ауыстырды. Қандай жұмысты да індетіп тұрып істейтін ол мұнда небәрі үш-ақ рет қызмет сатысын алмастырды, онда да сол баспалдақ оны ұдайы бірер саты жоғары өсіріп отырды. Осылайша аталған қызметті табаны күректей 7 жыл атқарған соң, 1971 жылы бірден директордың оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары орындығына барып бір-ақ жайғасты. Мұнда да табандатып жүріп 10 жыл еңбек еткеннен кейін, 1982 жылы бұл кезде «политехникум» атанып үлгерген орта арнаулы оқу орнының директоры болып біржола орнықты. Техникумның өрлеу мен өсудің өткелектерінен өткен өнегелі өрен шағы тап осы Арғынғазы ағамыздың 15 жылдық жетекшілік еткен мерзіміне сәйкес келеді. Осы жылдары қатарына бірнеше профильді шағын оқу орындарын қосып алған политехникум жан-жақты жетіліп, қанатын кеңге жая бастады. Оның оқыту әдістемесі едәуір жаңарып, замана талаптарына сай жаңа мамандықтар игеруге бағыт түзелді. Сондықтан облыстың халық шаруашылығы саласына қажетті мамандықтарды даярлап, оларды дер кезінде өндіріске орналастырудың саны мен сапасы жағынан да бұрын-соңды болмаған биік көрсеткіштерге қол жеткізілді. Аталған 12 жыл бедерінде оқу орнынды гидротехник, механик, электрик, құрылысшы, ұңғыма бұрғылаушы мамандықтары бойынша 15 мыңға жуық түлек даярланды.

Өз кәсібінің білгірі, байыпты басшы, шебер ұйымдастырушы, ұлағатты ұстаз бола білген Арғынғазы Садықовтың есепсіз көп еңбек сіңіруі арқасында политехникум сол жылдары Қазақстан шеңберінде ғана емес, сонымен қатар бұрынғы Кеңес Одағы аумағында да орта арнайы оқу орындары көшбастаушыларының біріне айналды. Техникумның материалдық-техникалық базасы нығайып, мұнда оқытушылар мен өндірістік оқу шеберлерінің сапалы құрамы қалыптасты. Оның оқушылары техникум қабырғасынан тек үздік білім ғана емес, сонымен бірге тәжірибелік дағдылар да алып шықты. Соның арқасында оқу орнының түлектері жұмысқа орналасқан кездерінде машық алуға ұзақ уақыт жұмсамай, бірден дерлік өндірістік ұжымдарға сіңісіп кетіп жатты, ендігі бірқатарлары орталық жоғары оқу орындарында білім алуды табысты жалғастырды.

1997 жылы осылай зор абыройдың биігінде зейнетке шыққан Арғынғазы Садықов бірден оқу орнынан ірге ажыратып кете қойған жоқ, қайта дәл бұрынғыша біте қайнасып, осындағы политехникалық бөлімге басшылық жасады. Ал 2005 жылы осы оқу орны ардагерлер кеңесінің тізгінін ұстады. Тағы бір айта кететін жайт, мұнда барлық дерлік саналы ғұмырын арнаған Арекеңнің шәкірттері арасында қазіргі күндері Қазақстанның түкпір-түкпірін былай қойғанда, Ресей, АҚШ, Израиль, Германия, Украина, Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан сияқты мемлекеттер аумағында қызмет етіп жүргендер аз емес.

Менің Арғынғазы ағамызбен жақынырақ танысып, етене араласа бастауым өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында қалалық әкімдікте қызмет етіп жүрген кезіммен тұстас келеді. Сол кезде біз кешке жұмыстан кейін политехникумның спорт залына әредік барып, футбол ойнап тұрушы едік. Кейін бұл таныстық ағалық-інілік ілтипатты қарым-қатынасқа ұласты, ұдайы бір-бірімізді көрген жерде жылы қауышып, әңгіме-дүкен құрып жүрдік. Ал өзім 2019 жылы бүгінде «И.Әбдікәрімов атындағы агротехникалық колледж» атанып отырған оқу орнына директор болып барған шағымда бұл сыйластық бұрынғыдан бетер бекіне түсті. Мен оқу орнының басшысы болып отырар-отырмастан бұрын бұл кісінің шаңырағына арнайы ат басын бұрын барып, дастарханынан дәм татып, Арғынғазы ағам мен Роза апайымның ақ баталарын алып шықтым. Бұдан кейінгі мезгілде біздің мейлінше тығыз болған байырқалы байланысымыз бұл кісі өмірден өтіп кеткенше сабақты жібі үзілмей жалғасты. Ағамызды соңғы сапарға шығарып салғанда қаралы митингісін де өзім жүргізген едім.

Айтатыны жоқ, Арғынғазы Садықұлы ағамыз маған бірінші көргеннен ерекше ұнады. Маған оның нені айтса да нақпа-нақ етіп жеткізетіні, күлтелей кететін көп сөзге ерік бермейтіні қатты таң қалдырды. Кейін байқап қарап отырсам, мұның бәрі оның шыншылдығы мен әділдігінен туып, қалыптасқан мінез меселі екен. Ал шыншыл адам қашанда турасын айтады, адал да таза келеді. Біз сол тазалық пен адалдықтың өркенді өнегесін осы кісінің бойынан көрдік.

Иә, Арғын аға қай жағынан алғанда да, үлгі тұтуға тұрарлық үркердей толымды тұлға еді. Ол өте жоғары мәдениеттің, сыпа сыпайылықтың адамы болатын. Өз басым оның әлдекімге, – мейлі ол жасы кіші бала болсын, мейлі өзі қарамағында істейтін қатардағы қарапайым қызметкер болсын, – біреуге дауыс көтеріп ұрсып, жер-жебіріне жетіп жекіп жатқанын көрген де, естіген де емеспін. Қайта өзімен кезіккен жандардың көпшілігіне «сіз» деп сөйлеп, сөз барысында ешқашан әдептен де, әдіптен де аттап кетпеуші еді. Сондай көркем мінездің келімді кісісі болып жүрген Арғын аға артық сөз бен бөстекі әңгімеге де әсте жоқ-тын. Ол он ойланып, тоғыз толғанып алмай, ештеңені бас салып айта салмайтын. Не айтса да, өзінің ой елегінен, талғамы таразысынан өткізіп барып тыңдаушысына жеткізетін. Сондықтан мірдің оғындай етіп айтқан уәждері мен тұжырымдары қай кезде де қайта талқылауға көнбейтін соңғы шешім сияқты болып көрініп тұратын. Тағы бір айрықша тоқталып кететін жайт – мектепте де, жоғары оқу орнында да білімді орыс тілінде алғанына қарамастан, ол қазақ тілінің де сөз мәйегін өте жақсы білетін, орынды жерінде бұрынғы өткен сөз зергерлері мен даналардың термелері мен нақылдарынан дәлелді дәйектеме келтіріп отыратыны бар-тын.

Уақытында «зар заман ақындары» санатынан ойып орын беріліп, аты тарихта аңыз болып қалған әйгілі Дулат Бабатайұлының:

«Кей жақсының мінезі –

Еділ менен Жайықтай,

Жақсылар топта сөйлейді –

Дарияда жүзген қайықтай»,

– деп жосыла жортатын жыр жолдары бір жағы біздің Арғын ағамыз келбет кескініне келеңсіз келетін сияқты.

Бәлкім, осы айтылғандардың бәрінің сабақтастығы шығар, бұл кісінің тағы бір абзал қасиеті – бос мақтаннан, құрғақ лепірмеден қашаннан қашық жүретін. Әйтпесе, ол кісінің мақтануына тұратын, мақтан тұтуына молынан жарайтын жарамды тұстары да жеткілікті еді. Ол өзінің мектепті де, институтты да үздік бағаларға бітіргенін, шыққан жерінің тектілер тұғырынан екенін былай қойғанда, қазақ-кеңес әдебиеті классиктерінің бірі, қазақ сатира жанрының негізін қалаушы Асқар Тоқмағамбетовтің тұңғыш күйеу баласы екенін де еш жерде тіс жарып айтып көрген емес. Зады, классик жазушының кіндігінен үш ұл, үш қыз тараса, үш ұлдан кейінгі қыздардың алды Роза апай ағаның адал жары болды. Екеуінің жарасымды жұбы көпке ғылмани ғибрат. Өзінің саналы ғұмырын медицина саласында өткізіп, білікті дәрігерліктің деңгейінен көрінген апай қай кезде де ағаның нағыз абазл жанашыры, сүйеуі, тірегі ретінде танылды. Соның арқасында бұл кісі қоғамдық-ұстаздық қызметке өзін алаңсыз беріле бағыттады.

Осылайша Арғынғазы Садықов ұзақ жылдарға созылған осы жемісті еңбегінің нәтижесінде бірқатар мемлекеттік марапаттарға да ие болды. Атап айтқанда, кеңес кезеңінде «Құрмет белгісі» орденін омырауына тақты, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасын алды, бірнеше медальмен наградталды. Ал тәуелсіздік жылдарында «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына жетті, бірнеше министрліктің алғыс хаттарын арқалады. Мұның сыртында Қызылорда қаласының құрметті азаматы атанды.

Иә, өмір белесі Құс жолының керуеніндей болып өткен Арғынғазы ағамыздың тіршілікте жасап кеткен әрекеттерінің дені біз үшін әрдайым бағдаршам сияқты болып тұра береді. Оның соңында өмірлік мұрасындай болып 2 ұл, 1 қыз, 8 немере және 1 шөбере қалды. Бұл да ағамыз бастап кеткен өмірлік көші жолының жалғасып келе жатқанын, әмісе әлі де жалғаса беретінін байқатады.

Ибадулла ҚҰТТЫҚОЖАЕВ

ҚЫЗЫЛОРДА

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button