Мюнхен қауіпсіздік конференциясы Ресейді айыптаумен аяқталды
МЮНХЕН. 19 ақпан. Германияның Мюнхен қаласында өткен қауіпсіздік жөніндегі конференция Ресейдің басқыншылық соғысын айыптады. Бұл туралы DW хабарлады.
Өткен жылдың 24 ақпанында Владимир Путиннің бұйрығымен басталған Украинаға басып кіру соғысы әлі тоқтаусыз жүріп жатыр.
Ресей өзінің кең ауқымды соғысының 361-ші күнінде көрші елдің басып алған елді мекендеріне бақылау жасауға әрекет етуін жалғастырып келеді. Украинаның Қарулы күштері мен территориялық қорғаныс жасақтары агрессияға тегеурінді қарсылық көрсетіп, дұшпанды адам күші мен техника жағынан орасан зор шығынға ұшыратуда. БҰҰ-ның деректеріне сәйкес, осы соғыс салдарынан Украинаның 16 млн тұрғыны өз үйлерін тастап кетіп қалған.
Мюнхен қауіпсіздік жөніндегі конференциясының райысы Кристоф Хойстен жиынды жабарда сөйлеген сөзінде Еуропаның бұл «сұмдық соғыспен» келісе алмайтынын және АҚШ-пен күшті трансатлантикалық байланысты қолдайтынын атап өтті. Ол өз сөзінде Американың вице-президенті Камала Харристің айтқан сөздерін еске салды. Егер Ресей президенті Владимир Путин уақытын күте тұрып, жеңіске жетемін деп ойласа, «онда ол қатты қателеседі», деді саясаткер осыған орай.
«Уақыт оның жағында емес, ол уақытты соза түскеннен ұта алмайды, тек оңбай және қайта тұра алмайтындай болып ұтылады», – деген еді Харрис ханым.
Конференция басшысы бұған соғысқа кінәлілерді жауапкершілікке тарту керек екенін қосты. «Жасалған қылмыстар жазасыз қалмауға тиіс», – деді ол. Осыған орай Халықаралық соттың рөлін күшейту қажет екенін айтты, сондай-ақ жиналғандарды Украинаға қарсы агрессия қылмысы жөнінде арнайы трибунал құруды тездетуге шақырды.