АҚШ Ресейді адамзатқа қарсы қылмыс жасап отыр деп айыптады
ВАШИНГТОН. 19 ақпан. АҚШ соғыс басталғалы бері бірінші рет Ресей Федерациясы билігіне адамзатқа қарсы қылмыс жасап отыр деген ауыр айып тақты. Бұл туралы Politico хабарлады.
Құрама Штаттар вице-президенті Камала Харрис ханым Мюнхенде (Германия) өткен қауіпсіздік жөніндегі конференцияда Ресейдің Украина жерінде жасап жатқан соғыс қылмыстарын жалпы адамзатқа қарсы жасалып жатқан қылмысқа теңеді.
«АҚШ Ресейдің адамзатқа қарсы қылмыс жасағанын ресми түрде анықтады. Мен мұны бұл қылмысты жасағандардың бәріне, олардың басшылығына, осы қылмысқа қатысы барларға қарата айтамын: сіздердің барлығыңыз қылмыстық жауапқа тартыласыздар», – деді вице-президент.
Камала Харрис Штаттардың Ресей армиясының Украинада бейбіт тұрғындарға қарсы жасаған барлық қылмыстарының айғақтарын мұқият зерттегенін айтты. Азаматтық инфрақұрылымдарға арнайы туралап соққылар берілген. Мұның бәрін тек адамзатқа қарсы жасалған қылмыс деп бағалауға болады.
Ресей әскерлері «азаматтық тұрғындарға жүйелі түрде кең ауқымды шабуыл» жасап келеді, «сұмдық кісі өлтірулерге, әйелдерді зорлауға, тұрғындарды депортациялауға, соның ішінде кішкентай балаларды мақсатты түрде алып кетуге және адамдарды өз беттерінше өлім жасазасына тартуға» барып жүр. БҰҰ-ның баяндамасында ресейлік солдаттың төрт жасар қызды өзімен оральды секс жасасуға мәжбүр еткені айтылады.
Харрис бұдан әрі: «Қане, барлық құрбандықтардың, есімдері белгілі және белгілі емес кісілердің аттарынан әділдікті қалпына келтіруге бәріміз келісіп алайық», – деді. Ол өзінің сөзінде сондай-ақ Ресейге сұмдық айып болып тағылатын ең белгілі оқиғаларды тізбектеп айтып өтті.
«Біздің бәріміз Мариупольдегі жүздеген адам өлтірілген театрдағы көріністерді көрдік. Перзентхана атқылаудың астына алынғаннан кейін өлтірілген, енді өмірге нәресте келтіргелі тұрған екіқабат ананы көз алдарыңызға елестетіп көріңіздер. Бучадаға адамдарды салқынқандылықпен қаптап өлтіру деректерін еске алыңыздар. Оларды денелері көшеде шашылып жатты. Әлгіндегі БҰҰ баяндамасында айтылған оқиғаға үңіліңіздер», – деп ресейлік азғын басқыншылардың бірқатар соғыс қылмыстарын атап өтті Харрис.
Бұдан бөлек, Ресей жүздеген мың адамды, – араларында балалар да көп, – Украинадан Ресейге зорлап көшіріп әкетті. Осы аптада Ресейде Украина территориясынан заңсыз шығарылып әкетілген балаларға арналған 43 лагерьдің жұмыс істеп тұрғаны белгілі болды. Оларды британдық сарапшылар анықтады.
«Бұл қылмыстардың бәрі – жалпы адамзаттық құндылықтарға қол сұғушылық», – деді вице-президент.
Ресейдің Украинадағы соғыс қылмыстарын АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен де айыптады.
«Заңға мұқият талдау жасау және қолда бар фактілердің негізінде ресейлік әскери қызметкерлер мен ресейлік басқа да лауазымды тұлғалардың Украинада адамдыққа қарсы қылмыс жасағандары бұлтартпас дәлелдермен және айғақтармен анықталды», – деді мемлекеттік хатшы. «Бұл қылмыстар жазасыз қала алмайды. Барлық кінәлілер қылмыстық жауапқа тартылуға тиіс», – деді сосын ол.
АҚШ билігі бұған дейін Ресейді Украинада соғыс геноцидін жасады деп айыптаған болатын.