Жаңалықтар жаңғырығыЭкономика

Прокуратура «Jusan» тобын Қазақстанға қайтаруға әрекет жасап жатыр

АЛМАТЫ. 16 ақпан. Прокуратура қазір «Jusan» тобын Қазақстанға қайтаруға әрекет жасап жатыр. Бұл туралы Қазақстан прокуратурасының дерегіне сүйенген rast.kz хабарлады.

«Алматы қаласының Бостандық аудандық соты «Pioneer Capital Invest» ЖШС мен Jusan Technologies Ltd арасындағы «First Heartland Jusan Bank» АҚ-ның, сондай-ақ онымен байланысты ұйымдардың (бұдан әрі – «Jusan» тобы) активтерін шетелдің құзыретіне беру туралы келісімді жарамсыз деп тану туралы Алматы қаласы прокурорының талап арызы бойынша азаматтық іс қозғады», – деп атап көрсетті Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Атап өтілгендей, Бас прокуратура 2022 жылғы маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елден заңсыз шығарылған қаражатты Қазақстанға қайтару жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылған сәттен бастап капиталды жымқыру және шет елге шығару фактілерін анықтау үшін банк секторында талдау жүргізді.

«Аталмыш талдау барысында «Jusan» тобының активтерін иемдену құрылымын өзгерту жөніндеі буалдыр сызба жасалғаны анықталды. Бұл сызбаны жүзеге асырудың нәтижесі шетелде тіркелген ұйымға топқа бақылау жасауды қайтарымсыз беруге әкеліп соқтырған. Атап айтқанда, 2020 жылғы 27 сәуірде «Jusan»-ның егесі – «Pioneer Capital Invest» ЖШС-на қатысушылар жиналысы «Pioneer» мүлік-мүкәмалдарын шетелде тіркелген «Jusan Technologies Ltd» -ның акционерлік капиталына беру жөнінде шешім қабылдаған», – делінген хабарламада.

Аталған әрекеттер қоғамдық мүдделерге, соның ішінде «Jusan» банктің акциялары, облигациялары мен төлемдері бойынша алынатын дивидендтермен қаржыландырылатын «Назарбаев Университет» пен «Назарбаев зияткерлік мектебінің» ондаған мың студенттері мен оқушыларының ахуалдарына қауіп тудырған.

Бұдан бөлек, 2023 жылғы 3 ақпанда Бас прокуратураға «Назарбаев қорынан» бірқатар субъектілердің құқыққа қарсы әрекеттері нәтижесінде «Жусан» тобы шетелдік мемлекеттер азаматтарының бақылауына өтіп кету фактілері бойынша прокурорлық қадағалау шараларын қабылдау туралы арыз түскен.

«Осылайша, прокуратура органдарының мақсаты тек әділеттілікті қалпына келтіріп, «Jusan» тобының активтеріне егелік етуді Қазақстанның құзырына қайтару болып табылады. Сонымен қатар, аталған талап арыз «Jusan Bankтің» жұмысына қатысты емес, яғни оның ағымдағы қызметіне, сондай-ақ банктің клиенттері мен іскерлік серіктестіктерімен өзара іс-қимылына шектеу қоймайды. Істің сотта қаралуы Jusan Bankтің жұмысына әсер етпейді, ол қалыпты жағдайда жұмысын жалғастыратын болады», – деп атап көрсетті Бас прокуратурадағылар.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button