Назарбаев сайты доменінің атауы «Elbasy» деп аталмайтын болды
АСТАНА. 16 ақпан. Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми сайты доменінің атауы бұдан былай «Elbasy» деп аталмайтыны бүгін белгілі болды. Бұл туралы ҚазТАГ хабарлады.
«ҚазТАГ редакторлары бейсенбі күні elbasy.kz веб-сайтына кіруге әрекеттенген кезде пайдаланушы автоматты түрде nazarbayev.kz домендік атауына қайта бағытталатынына көз жеткізді», – делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, бұған дейін Конституциялық сот «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» заңның күші жойылды деп тануға жатады деген шешім шығарған еді. Соның нәтижесінде 13 қаңтарда Мәжіліс пен Сенат Парламенттің бірлескен отырысында Назарбаевты ерекше мәртебеден айыру тәртібі екі оқылымда мақұлданған болатын.
Бүгін Назарбаев қоры сайтының доменіне беріліп келген «Elbasy» атауы да алынғаны айғақталып отыр.
Осымен «елбасы» деген атау да, ұғым да, мәртебе де қазақ қоғамынан біржола өшірілгелі тұр.
Енді «елбасы» лексемасы архивке кетіп, архаизмге айналатын шығар. Себебі, бұдан кейін билік басына келетін президенттер өздерін тап осы ұғымына ұлан-ғасыр залал келіп, дақ түскен абыройсыз атаумен атауға келісе қоймайтындары оншалықты көп күмән тудыра қоймайды.