АҚШ Украинаға соғыстағы бетбұрыс көктем айларында болатынын ескертті
ВАШИНГТОН. 15 ақпан. АҚШ Украинаға Ресейдің оккупациялық армиясымен соғыстағы безбен басын бұратын бетбұрысты кезеңнің алдағы көктемде келетінін мәлімдеді. Бұл туралы The Washington Post хабарлады.
Америкалық шенеуніктер Ресейдің Украинаға басып кіруіне бір жыл толатын мерзімге қарай соғыста да сындарлы сәттің туатынын баяндады. Осы тұста соғыс траекториясын өзгертетін де мезет келеді.
«Соңғы айларда Украинаның шығысындағы соғыс ақырындап қанды қасапқа айналып, екі жақтың да бір-бірінен басымдық алуына жол бермей тұр. Байденнің өкілдері сындарлы мерзімнің Ресей, күткендегідей, шабуылды бастайтын, ал Украина айырылып қалған территорияларын қайтару үшін қарсы шабуылға шығуға әрекет жасайтын осы көктемде келеді деп есептейді», – деп жазады газет.
Қазір Джо Байденнің әкімшілігі Киевке тікелей көмек ретінде берілуге тиісті 10 миллиард долларды бекіту жөнінде Конгреспен жұмыс жасасып жатыр. Күткендегідей, мұның қорытындысы алдағы аптада жарияланады. Шамамен сол уақытта Кремльге қарсы жаңа санкциялар да енгізіледі.
Байден мен оның бас көмекшілері Украинаны ақырына дейін қолдауға дайын екендерін айтып отыр. Бұған бірқатар саясаткерлердің Украинаға қанша көмек көрсетілгенімен, соғыстағы бетбұрыстың жақын арада бола қоймайтынын, әзірге екі жақтың тең дәрежеде тұра беретінін алға тартып жүргендері себеп болуда. Өз кезегінде НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг те Украина бір жақты жеңіп шыққанша талмай жәрдем жасап тұратындарын мәлімдеді. Ол одақтастардың бұл соғысқа араласпайтынын, мұның альянс арқылы жүзеге асырылатынын жеткізді.
Осы күндері АҚШ армиясы Украина Қарулы күштеріне артиллерия снарядын уақтылы жеткізіп тұру үшін қару-жарақ шығаратын екі компаниямен $522 млн көлемінде келісімшарт жасасты.
Кеше АҚШ истребительдері Ресейдің Аляскаға жақын жерде ұшып жүрген әскери ұшақтарын қамауға алды. Олардың арасында Ту-95 стратегиялық бомбалағышы мен истребительдер бар. Оларды қаумалап, жерге қондыруға екі F-16 истребителі, сондай-ақ оларды қорғаштап жүрген тағы екі F-35A, бір E-3 Sentry және екі май құюшы RC-135 Stratotanker қатысқан.