Жаңалықтар жаңғырығыТаным

Украина әскерлері Бахмутты тастап шығудан әлі бас тартып отыр

КИЕВ. 15 ақпан. Украина Қарулы күштерінің Бахмут үшін соғысып жатқан бөлімшелері, Батыстың табанды талабына қарамастан, қаланы тастап шығуға келісер емес. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.

Американың Соғысты зерттеу институты (ISW) Бахмуттан кетпеу Украина күштерінің көктемде қарсы шабуылға шығуға дайындалуларына кедергі келтіре алмайтынын баяндады.

Институттағылар Батыс Украинаның Бахмутқа қатысты шешіміне алаңдаушылық білдіруді жалғастырып отырғанына тоқтала келіп, бұған аса қатты мазасызданбау керектігін алға тартады. Атап айтқанда, Washington Post газеті америкалық мамандардың украин күштері бір мезгілде Бахмутты қорғап, сосын көктемгі қарсы шабуылды бастап кетуі қиынға түсетінін сөз етіп отырғанын жазады. Сондықтан олар Украинаны Бахмутты тастап шығып, жаңа шабуылға дайындалуға шақырған.

Дегенмен, ISW Украинаның Бахмутты қорғауды жалғастыру жөніндегі шешімінің стратегиялық маңызы бар деп есептейді. «Бахмут қорғанысы Кремльді «Вагнер» компаниясының айтарлықтай көп бөлігі мен әуе-десант күштерінің едәуір бірлігін осында төгуге мәжбүр етіп отыр. Украина қорғанысы Бахмутта Ресей күштерін айтарлықтай әлсіретіп тастады, бәлкім, осы арқылы украинның алдағы қарсы шабуылына қолайлы жағдай туғызатын шығар», – деп атап өтті институт аналитиктері.

Ал Ресей БАҚ-тары тарапынан бұған дейін Бахмутты «Вагнер» жеке әскери компаниясы содырларының басып алғандары жайлы бірнеше рет жалған ақпарлар жарияланып кетті. Соңғы күндері де осындай бірнеше хабар жарияланды. Бұған кеше сол компанияның құрылтайшысы Евгений Пригожиннің өзі арнайы жауап берді. Мұндай жалған хабарлар оны да әбден ашындырған сияқты.

«Мен осындай былшылдардың қайдан шыға беретінін түсінбеймін, – деді ол. – Жау барлық бағыт бойынша белсенді ұрыс қимылдарын жүргізіп жатыр. Қорғанысқа қайта-қайта жаңа резервтер әкелуде. Күн сайын 300-ден 500-ге дейін жауынгер келеді. Олар Бахмуттың барлық бағыттарында тұр. Артиллериядан соққы беру де күн сайын күшеюде. Қазіргі кезде екі жақ солтүстікте өте ауыр ұрыс қимылдарын жүргізіп жатыр».

Жалдамалылардың басшылары Украина Қарулы күштерінің ешқандай да қоршауға алынбағанын, ондай мүмкіндіктің де жоқ екенін, тіпті жақын арада Бахмутты алудың да орайы келмейтінін ашып айтты.

«…Жақын күндерде ешқандай той болмайды. Сондықтан өздеріңнің орындалмаған уәделерді орындалды қылып, бл*т, жұрттың бәрін жынды етіп қойғандарыңды тоқтатыңдар», – деді ол аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып тұрып.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button