Жаңалықтар жаңғырығыЖаһан

Украин сарбаздары тәулікте 690 басқыншыны жер жастандырды

КИЕВ. 15 ақпан. Украина Қарулы күштері өткен тәулікте Ресей басқыншылар армиясының 690 әскери қызметкерін, 7 соғыс машинасын және 4 танкісін жойып жіберді. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.

Ресей армиясы 2022 жылғы 24 ақпаннан 2023 жылғы 14 ақпанға дейін Украинаға қарсы басқыншылық соғысында қазірдің өзінде барлығы 139 770 әскери қызметкерінен, 3 290 танкісінен, 6 507 бронды соғыс машинасынан және 236 ПВО қаруынан айырылды.

Өткен тәулікте украин қорғаушылары жаудың Донецк және Луганск облыстары аумағындағы 20 елді мекенге жасалған шабуылдарын қайтарды.

Осы күндері сонымен бірге оккупанттардың соғыста қаза тапқан жауынгерлерін Қырымға әкеп өртеп жатқаны да мәлім болды. Украина Қарулы күштері Бас штабының мәліметінше, Симферополь ауданының Красная Зорька селосындағы крематорий осы үшін күндіз-түні тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Оның жанында ұдайы әскер машиналар кезекке тұрып қалады. Сондай-ақ, крематорийдің тек әскерилерге ғана қызмет көрсететіні де айтылып жатыр.

Ұлыбританияның қорғаныс министрі Бен Уоллес қазіргі таңда Ресей армиясының құрамы түгелге жуық Украинадағы соғысқа қатысып жатқанын баяндады. Ол «Би-би-сидің» радиосы эфирінен сөйлеген сөзінде РФ-ның Украина қорғанысын бұзып өте алатындай біртұтас күші жоқ екенін айтты. «Біз тек Ресейдің өлермендікпен алға ұмтылғанын ғана көрдік, бірақ онымен ілгері жылжи алған жоқ». – деді ол.

«Бұл соғыс орыс армиясына өте қымбатқа түсті. Біздің бағамымыз бойынша, Ресей армиясының 97 пайызы, бүкіл Ресей армиясы қазір Украинада жүр», – деді британдық министр.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button