Лукашенко: Ресей мен Украина соғысынан бейтарап қала алмайсыңдар
МИНСК. 14 ақпан. Беларусь президенті Александр Лукашенко Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарт ұйымы (ҰҚКҰ) мүшелерінің Ресей-Украина соғысынан бейтарап бола алмайтындарын мәлімдеді. Бұл туралы ҚазТАГ хабарлады.
Белорус лидері Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарт ұйымы (ҰҚКҰ) мүшелеріне ендігі жерде Ресей-Украина соғысынан бейтарап бір шетте отырып қалудың орайы келмейді деп есептейді.
Оның сөзінен үркіту мен қорқытудың, өктемдік пен астамдықтың сарыны анық байқалып тұрды.
«Егер әлдекім Украина мен Ресейдің жанжалы – біздің жанжалымыз емес, бір шетте тып-тыныш отыра береміз деп ойласа, бұл еш жобаға соқпайды, олай болмайды. Уақыты келеді (ол алыс емес, тап ертең), ол әркімнен белгілі бір позицияны ұстануды талап етеді. Мен оны ұлттық мүдделерге залал келтіру тұрғысында айтып отырғаным жоқ. Бірақ біздің барлық одақтастық олқылықтарымызға қарамастан, бұдан ары бірлесіп қимылдау үшін бәрімізге өзіміздің нақты саясатымызды, өз шебімізді анықтап алуға тура келеді. Бірге болсақ қашанда оңай әрі жеңіл», – деді Лукашенко дүйсенбі күні ҰҚКҰ бас хатшысымен кездесуі кезінде.
Беларусь президентінің баспасөз қызметі оның сөзінде «ұранның жеткілікті» екенін мойындады.
Александр Лукашенко өз сөзінде, әсіресе, Келісімшарт ұйымы елдерінің шекараларында проблемалардың көп екенін алға тартты. Айтуынша, мұндай мәселелер Кавказда да, Орталық Азияда да аз емес. Мұны бәріміз жақсы бідеміз. Біздің жадымыз мықты. Соңында осыларды да бірлесе шешуді ұсынды.
Әлбетте, бұл біржақты монолог көпшілікке ҰҚКҰ-ға мүше елдерді Украинамен соғысқа дайындала беруге табанды түрде шақырғандай болып естілді.
Жұртқа тек ұйым бас хатшысының өктемдік пен астамшылыққа құрылған мұндай талапқа қалай жауап қайтарғаны ғана белгісіз болып қалды.