Президентке ұлттық холдингтерді жабу ұсынылды
АСТАНА. 17 ақпан. Есеп комитетінің басшысы Наталья Годунова Президент қабылдауында болғанында ұлттық холдингтерді, соның ішінде квазимемлекеттік сектордың кейбір компанияларды жабуды ұсынды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунованы қабылдады.
Қабылдауда комитет басшысы Президентке ұлттық холдингтер жұмысының тиімділігіне жүргізілген талдау қорытындылары туралы есеп берді. Мұндай тапсырма 2019 жылғы 2 қыркүйекте Президенттің Қазақстан халқына арналған Жолдауында берілген болатын.
Есеп комитеті басшысының мәліметі бойынша, шешілуі тиіс қордаланған мәселелер мен кемшіліктер анықталған. Атап айтқанда, экономикада квазимемлекеттік сектордың үлесі азаймай тұр. Ондағы компаниялар республикалық бюджеттің қолдауына тәуелді.
Наталья Годунованың айтуынша, сатып алулар кезіндегі рәсімдерде әлі де ашықтық жоқ. Шарттардың дені бәсекелестік жолмен жасалмайды. Есеп комитеті аудит жүргізіп, осы мәселенің нақты себептерін анықтауы керек.
Есеп комитетінің басшысы Президент қарауына ұлттық холдингтерді, соның ішінде квазимемлекеттік сектордың кейбір компанияларын жабу мақсатында оңтайландыру туралы ұсыныс енгізді.
Жалпы, Тоқаев комитет жұмысына оң баға берді.